
1904 жылы салынған тарихи Сексеуіл вокзалы жөнделді. Бір ғасырдан астам уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан нысан Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде орналасқан.
Көне вокзалдың жалпы ауданы – 454 шаршы метр. Бір қабатты ғимарат. Үшінші санаттағы нысан тәулігіне 300-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Осы станция арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент, Түркістан, Шу, Тараз қалаларына, сонымен бірге Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға қатынайтын 30 жолаушы пойызы өтеді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жөндеу барысында ғимараттың қасбеті мен шатыры жаңартылды. Ғимарат іші жөнделді. Электр қуатын үнемдейтін витраждар орнатылды.
Қызылорда облысының аумағы арқылы жалпы ұзындығы 1051 шақырымдық магистральдық теміржол желісі өтеді. Қазір өңірде тәулігіне 15 жолаушылар пойызы қатынайды.
2026 жылы Қазақстанда 30-дан астам теміржол вокзалы жөнделіп, есігін қайтадан айқара ашты. Олардың арасында бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынған көне ғимараттар бар.