
Сауда жасап, кәсіп жүргізіп, ай сайын табыс тауып отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендерге 15 АЕК, яғни 64 875 теңге айыппұл салынып, ескерту беріледі. Бір рет айыппұл салынып, бірақ алдағы бір жыл ішінде кәсіпкердің әлі ресми тіркелмегені анықталса, айыпұл екі есе өседі. Ол кезде кәсіпкерге 30 АЕК, яғни 129 750 теңге айыппұл салынады. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлайды.
Өйткені тауар сату, қызмет көрсету мен істелген жұмыс нәтижесінде алған табыстан салық төлену керек.
Заңға сәйкес, бизнесмен төлемді жеке кәсіпкердің арнайы шоты арқылы қабылдауға және бақылау-касса машинасын қолдануға міндетті.
Ал жеке картаға түскен аударымдарды салық органдары бақылап отыр. Өйткені 2025 жылдан бері банктер салық органдарына халықтың мобильді аударымдары туралы деректерді жіберіп келеді.
Салықшылар адамның жеке шотына үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп адамнан ақша түссе, бақылауға алады. Екіншіден, осы кезеңдегі жалпы түсім ең төменгі 12 жалақы (1 млн 20 мың теңге) мөлшерінен асуға тиіс. Бұл ережелер барлық жеке тұлға, соның ішінде тіркелген жеке кәсіпкерлерге де қатысты.
Ақпарат түскен соң, салық органдары алдымен Салық төлеушінің кабинеті арқылы ескерту хабарламасын жібереді. Егер кәсіпкер жұмыс тәртібін өзгертпей, жеке шотына төлем ала берсе, камералық бақылау басталады.
Мұндай жағдайда ресми хабарлама жолданады. Ал оған жауап берілмесе немесе растайтын құжаттар ұсынылмаса, толыққанды салық тексерісі тағайындалуы мүмкін.
Айта кету керек, мобильді аударымдардың өзіне салық салынбайды.
2026 жылдың бірінші тоқсанында 115 мың адам 1 трлн теңгеге заңсыз мобильді аударым жасағаны анықталған.