
«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясының еуропалық еншілес кәсіпорны — KMG International (KMGI) 2026 жылдың 6 айында 87 млн доллар таза пайда алған. Бұл туралы ҚМГ-ның баспасөз қызметі хабарлайды.
Есепті кезеңде KMGI құрамындағы «Петромидия» мұнай өңдеу зауытында 2 миллион 600 мың тонна шикізат өңделді. Кәсіпорын Румынияда орналасқан. Осының нәтижесінде дайын мұнай өнімдерін шығару көлемі 2 млн 529 мың тоннаға жетті. Оның ішінде:
- дизель отыны – 1 млн 159 мың тонна;
- бензин – 700 мың тонна;
- Jet A1 авиаотыны – 225 мың тоннаны құраған.
Компанияның бөлшек сауда бағыты да оң динамика көрсетті. Өнім сату көлемі 7%-ға артып, 1 млн 444 мың тоннаны құрады. Бұған ең алдымен Румыния мен Молдовадағы көтерме сауданың ұлғаюы септігін тигізді.
Мұнымен қоса, Румыниядағы жанармайға жатпайтын өзге де тауарларды сату өсімі 6%-ды құрап, 26,1 млн долларға жетті.
Шоғырландырылған EBITDA көрсеткіші 203 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өсті. Ал таза пайда 87 млн долларға жетті.
Молдоваға авиаотын сатады
KMGI халықаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында Молдова Республикасының Мемлекеттік меншік агенттігімен екіжақты келісімге қол қойған. Бұл құжат компанияға Молдованың авиациялық отын нарығына жол ашып, ұшақтарға отынды тікелей құюын мүмкіндік береді.
Жобаның келешегі зор екенін Кишинев халықаралық әуежайының қарқынды дамуы дәлелдейді. 2025 жылы аталған әуежайдағы жолаушылар ағыны 47%-ға өсіп, ол Еуропадағы ең жылдам дамып келе жатқан әуежайлардың қатарына енген.
Компания 2025 жылы 128 млн доллар таза табыс тапқан. KMG International тобы – ҚМГ-ның еншілес компаниясы. Ол Румыния аумағында екі мұнай өңдеу зауыты, мұнай терминалы, сондай-ақ Rompetrol деген танымал бренд негізінде төрт елде орналасқан 1,4 мың жанармай құю бекетіне және басқа да активке иелік етеді.
KMG осы мұнай өңдеу зауыттары үшін мұнайды Қазақстаннан да, өзге жеткізушілерден де сатып алады. Компания өзіне тиесілі Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудан бұрын, Румыниядағы екі зауытын модернизациядан өткізген.