Экономика

Қазақстан ең көп алтын сатып алатын мемлекеттердің қатарына енді

Алтын сатып алатын елдерің қатары артты / Фото: shutterstock

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) жаңа есебіне сәйкес, Қазақстанның Ұлттық банкі әлемдегі ең ірі алтын сатып алушылардың қатарына қайта енді.

Екінші тоқсанда елдің алтын қоры 15 тоннаға ұлғайды. Бұл көрсеткішпен Қазақстан ғаламдық рейтингте төртінші орынға жайғасты.

Қымбат металды ең көп алғандардың көш басында Польша (51 тонна) мен Қытай (33 тонна) орталық банктері тұр. Үздік бестікке, сондай-ақ, 16 тонна алтын жинаған Өзбекстан, сонымен бірге қорларын 6 тоннадан арттырған Чехия мен Иордания кірді.

Керісінше, Ресей осы кезеңде 22 тонна алтын сатып, ең ірі сатушыға айналды.

Жалпы, екінші тоқсанда әлемдегі орталық банктер тарапынан алтынға деген сұраныс рекорд деңгейге жетті. Үш айдың ішінде орталық 289 тонна алтын сатып алды.

Бұл – осы кезең үшін ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сатып алу көлемі 62%-ға өскен.

Қазақстан Ұлттық банкінің алтын резерві 2026 жылдың маусымында айтарлықтай азайғанымен, халықаралық резервтің негізгі бөлігін әлі де монетарлық алтын құрайды. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, маусымның соңында алтын резервінің ақшалай құны 47,57 млрд доллар болды. Бұл мамырмен салыстырғанда 4,98 млрд долларға немесе 9,5%-ға аз.