
Казахстан Ресей мұнайын отандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдеуге қатысты келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Reuters басылымы хабарлады.
Келіссөздердің басты мақсаты – қазақстандық МӨЗ-дердің өндірістік қуатын тұрақты жүктеу, жұмыс орындарын сақтау және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету. Энергетика министрлігі ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу бұл келісімнің басым шарты екенін атап өткен.
Келісім бойынша өңделген отынның бір бөлігі Ресейге де экспортталады. Әзірге шикізат көлемі, өңдеу шарттары және нақты қай зауыттардың қатысатыны белгісіз. Жеткізу шарттарын нарық субъектілері заңнама аясында өзі белгілейді.
Қазіргі таңда ресейлік шикізатты өңдейтін «Конденсат» МӨЗ-і шілде айында Ресейге алғаш рет автобензин экспорттады.
Ресейдің отын нарығы МӨЗ-дерге жасалған дрон шабуылының салдарынан дағдарып тұр.. Бұл Орталық Азия елдеріне Ресейден келетін отынның күрт азаюына себеп болды.
Сарапшылар Ресейдегі бензин дағдарысы Орталық Азия елдерінде қымбатшылыққа әкеп соғады деп мәлімдеген.