
«Қазмырыш» компаниялар тобы 2025 жылғы таза шоғырландырылған таза пайдасын 771,2 млн АҚШ долларына (немесе 402,1 млрд теңгеге) жеткізді. Былтырғы пайда 2024 жылғы көрсеткішпен (462,3 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 66,8%-ға жоғары.
Еліміздің түсті және асыл металдар нарығындағы ірі өндірушілерінің бірі саналатын кәсіпорын өндірістік тиімділік пен түсім көлемін арттыру арқылы қаржы тұрақтылығын бекемдей түскен.
Швейцарияның Glencore International plc компаниясына кәсіпорынның 70 пайыз үлесі тиесілі. Қалған 30 пайызы «Тау-кен Самұрық» компаниясының меншігінде.
Былтыр компания 2024 және оған дейінгі жылдардың бөлінбеген пайдасынан акционерлеріне 800 млн доллар дивиденд төлеген.
Таза пайданың күрт өсуіне не себеп?
Компаниялар тобы таза пайдасының айтарлықтай артуына, ең алдымен, өнімді сатудан түскен түсімнің өсуі тікелей әсер етті. 2025 жылы «Қазмырыш» тобының жалпы түсімі 5,07 млрд АҚШ долларын (2,64 трлн теңге) құрап, 2024 жылғы 4,10 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда 23,5%-ға артты.
Сатылған өнім көлемі мен бағалы металдардың қымбаттауы нәтижесінде компанияның жалпы пайдасы бір жылда 688,5 млн доллардан 1,24 млрд долларға дейін артып, екі есеге жуық өсті.
Сонымен қатар қаржы нәтижесіне әкімшілік және өткізу шығыстарының азаюы да ықпал еткен. Өнімді өткізу және әкімшілік шығыны 2024 жылғы 279,8 млн доллардан 2025 жылы 243,0 млн долларға дейін төмендеді
2025 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша компаниялар тобының жиынтық активтері 4,44 млрд АҚШ долларын (2,25 трлн теңге) құрады. Оның ішінде негізгі құралдар, барлау активтері мен өзге де уақытша емес ресурстарды қамтитын ұзақ мерзімді активтер көлемі 2,30 млрд долларға тең болса, айналымдағы қысқа мерзімді активтер 2,15 млрд долларды құрады.
Компаниялар тобының жиынтық міндеттемелері 734,6 млн АҚШ долларын (371,4 млрд теңге) құрады. Бұл ретте ұзақ мерзімді міндеттемелер 273,1 млн долларға, ал қысқа мерзімді міндеттемелер 461,5 млн долларға тең болды.
Топтың меншікті капиталы 3,71 млрд АҚШ доллар деңгейінде сақталып, компанияның өз міндеттемелерін өтеу қабілетінің өте жоғары екенін дәлелдейді.
Кәсіпорын қашан құрылған
«Қазмырыш» кәсіпорнының іргетасы 1997 жылғы 7 қаңтарда ашық акционерлік қоғам ретінде қаланып, өндірістік-шаруашылық қызметін 1997 жылғы 1 ақпанда бастаған. Ал 2009 жылғы 7 мамырда акционерлердің шешіміне сәйкес қайта тіркеуден өткен.
Кәсіпорын Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы кен орындарын игеру, түсті және асыл металдарды байыту мен аффинаждау бағытында кешенді жұмыстар жүргізеді.
«Қазмырыш» құрамына «Шаймерден» АҚ, «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Жәйрем АБҚ» АҚ, «Малеевское» ЖШС, «Қазмырыш Энерго» ЖШС сияқты ірі өндірістік және инфрақұрылымдық еншілес кәсіпорындар кіреді. 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша компаниялар тобында 18 695 қызметкер еңбек етеді.
Bloomberg және Reuters агенттіктерінің хабарлауынша, «Integra Construction» компаниясының иесі, қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп «Glencore Plc» трейдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Кәсіпкер «Қазмырыш» компаниясының шетелдік инвесторға тиесілі 70,2 пайыз үлесін сатып алуы ықтимал.