
Астана қаласында тапсырысты автономды түрде жеткізетін жаңа қызмет сынақтан өтті. Тауарды робот-курьерлер тегін тасиды.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, жобаның алғашқы кезеңінде Есіл және Нұра аудандарының тұрғындары осындай қызметке жүгіне алады. Өздігінен қозғалатын робот-курьерлер жаяулар жолымен жүреді.
Сынақ жобасын жергілікті әкімдік, «Astana Innovations» және Yandex Qazaqstan компаниялары бірлесіп жүзеге асырды.
Робот арқылы тегін жеткізу қызметіне «Яндекс Go» қосымшасының «Лавка» бөлімінде тапсырыс беруге болады. Көрсетілген мекенжай пилоттық жоба аймағына кірсе, пайдаланушы тапсырыс рәсімдеу кезінде кәдімгі курьерді немесе робот-курьерді таңдай алады. Роботпен жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды.
«Робот тұрғын үйге дейін жаяу жүргіншілер бағытымен келіп, кіреберіс алдындағы тротуарда немесе ең жақын ыңғайлы орынға тоқтайды», – деп таратты әкімдік.
Пайдаланушы оның қозғалысын қосымша арқылы бақылап, келгеннен кейін смартфонның көмегімен жүк бөлігін ашып, тапсырысын ала алады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Астана мен Алатау қалаларында аэротакси алғаш рет сыналған.