Жаңалықтар

Прокуратура Бауыржан Байбектің әкесіне тиесілі компанияға қатысты үш істі тоқтатты

Байбектің әкесіне тиесілі компания құқығы қорғалған / Фото: kursiv.media архиві

Прокуратура Бауыржан Байбектің әкесіне тиесілі компанияны заңсыз тексерістен қорғады. Ақмола облысы Зеренді ауданының прокуратурасы «Qazaq Kaolin» ЖШС-на қатысты үш әкімшілік істі тоқтатқан. Бұл компания Алексеев кен орнында тау-кен байыту комбинатын салып жатыр.

Аталмыш инвестициялық жобаның жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.

Алайда прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде уәкілетті мемлекеттік органдар инвестор көші-қон заңнамасын сақтамады деген желеумен заңсыз тексеріс жүргізгенін анықтаған. Бұл тексеріс прокуратурамен алдын ала келісілмеген және құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркелмеген

«Прокурорлық фильтр» механизміне сәйкес, инвесторларға қатысты тексеріс жүргізу, әкімшілік іс қозғау, рұқсат беру және шектеу шараларын қолдану немесе сотқа жүгіну туралы мемлекеттік органдардың барлық шешімі міндетті түрде прокуратурамен келісілуге тиіс.

Осыған байланысты, прокурорлық қадағалау актісі негізінде жүргізілген тексеріс заңсыз деп танылып, үш әкімшілік іс тоқтатылды.

eGov мәліметтеріне сәйкес, Qazaq Kaolin компаниясы Қыдырғали Байбек пен оның серіктесі Бекзат Керімбайға тиесілі. Қыдырғали Байбек – Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Өз кезегінде Бауыржан Байбек «Qazaq Kaolin» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған.

Бауыржан Байбек 2015-2019 жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған. Оның әкесі Қыдырғали Байбек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы болған.