«ҚазТАГ» ісі бойынша сот үкімі шықты

Алматының Алмалы аудандық соты 31 шілдеде «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Агенттіктің бас директоры Әсет Матаев міндеттеріне адал қарамады және бұзақылық жасағаны үшін, ал бас редактор Әмір Қасенов көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Іс агенттіктің «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы туралы жариялаған негатив материалдарына байланысты болды.
Әсет Матаевқа 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол 3 жыл журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот рақымшылық туралы заңды ескеріп, Әмір Қасеновтің бас бостандығын 1 жыл 3 айға шектеді. Ол журналистік қызметпен 5 жыл айналыса алмайды.
Сот Астана тұрғыны Жанна Қапарованы да кінәлі деп таныды. Рақымшылық туралы заңды қолданып, әйел жазадан босатылды.
Дау неден басталды
Дау 2019 жылдың қарашасынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін қор нарығында жасалған сәтсіз инвестициялардан басталды. Зейнеткер Қарлығаш Капарова (сотталушы Жанна Капарованың анасы) FFIN Brokerage Services компаниясы арқылы 380 мыңнан 440 мың долларға дейін инвестиция салған. Тәуекелі жоғары мәміле салдарынан ол қаржылық шығынға ұшырап, бұрынғы кеңесшісі Темірлан Бековты қаражатын жымқырды деп айыптады.
2024 жылдың қазанында Қапарованың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алайда 2025 жылдың жазында Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ЭТД) қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі толық тоқтатты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тексеруі кезінде клиенттің Бековтың компаниядан жұмыстан кеткенін біле тұра, оған шотының логині мен құпиясөзін өз еркімен бергенін анықталды. Сондай-ақ ол шығын әкелген мәмілелерді SMS-кодтар арқылы өзі растаған және Бековке табыстың 20%-ын төлеуге келіскен. Бұл брокердің ішкі регламенттерін бұзу болып саналады.
Содан кейін зейнеткердің қызы Жанна Қапарова қысым көрсетуге көшкен. 2023 жылы Темірлан Бековтен қарыз туралы жалған қолхат жазуды талап етіп, бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартамын және БАҚ-ты араластырамын деп қорқытқан. 2024 жылдың тамызында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіндегі кездесуде Қапарова «Фридом Финанс» өкілдеріне «ақпараттық желі арқылы әрекет ететінін» ашық айтқан.
2025 жылдың ақпанында ол басқа шағымданушылармен біріккен, 2025 жылдың 3 сәуірінде «ҚазТАГ» ХАА кеңсесіне барып, бас редактор Әмір Қасеновпен алдын ала сөз байласқан. Мемлекеттік айыптаудың пікірінше, Қасенов сайт оқырмандары санын арттыру арқылы пайда табуды көздеп, «Фридом Финанс» АҚ мен оның негізін қалаушы Тимур Турловтың беделін түсіруге бағытталған ақпараттық науқан ұйымдастыруға келіскен. Бір жарым жыл ішінде агенттік брокерді алаяқтық жасады, қаражатты офшорларға шығарды және қаржы пирамидасын құрды деп айыптаған 250-ге жуық материал жариялаған. Ақпараттық шабуылдың шарықтау шегі 2025 жылдың 3 сәуіріне тұспа-тұс келді. Сол кезде «ҚазТАГ» 12 жалған материал жариялаған.
«Фридом Финанс» өкілдері мұны ақпараттық бопсалау деп бағалады. Өйткені бұл компанияның «сотсыз реттеу» үшін үшінші тұлғаларға ақша төлеуден бас тартуынан кейін бірден басталған. Брокер 2025 жылдың 4 сәуірінде жалған ақпаратты өшіруді талап етіп, сотқа дейінгі талап жолдағанымен, редакция оны елемеген.
Сот процестері
Содан кейін екі іс сотта қаралды. 2025 жылдың қазанында «Фридом Финанс» «ҚазТАГ» ХАА мен материалдарда спикер ретінде көрсетілген адвокат Светлана Оралбаеваға қарсы іскерлік беделін қорғау туралы талап арыз берді. 2026 жылдың ақпанында Алматының Медеу аудандық соты талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. Сот сараптамасы материалдардың мақсатты түрде жарияланғанын және беделге нұқсан келтіретінін растады. Сот агенттікті таратылған жалған ақпаратты теріске шығаруға және мақалаларды өшіруге міндеттеді. Алайда редакция сот шешімін орындамады.
Сонымен қатар брокердің арызы бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізді. 2025 жылдың 15 желтоқсанында «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов көрінеу жалған ақпарат тарату туралы қылмыстық іс бойынша (ҚР ҚК 274-бабы) күдікті деп танылды. Кейін Қасенов ұсталып, Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал Матаевқа негізгі эпизод бойынша басшы міндеттеріне адал қарамады деген айып тағылды (ҚР ҚК 254-бабы), өйткені тергеу нұсқасы бойынша ол қызметкері жариялаған материалдарды бақыламаған. Әсет Матаев елден шықпау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
Төбелеске қатысты іс
2026 жылдың 17 наурызынан 18 наурызға қараған түні ішімдік ішкен Матаев пен оның танысы Алматыдағы Dostyk Plaza сауда ойын-сауық орталығының маңында жанжал шығарған. Жанжал Toyota Camry көлігінде отырған Арлан Айымбетов есімді жігіттің сыртқы келбетіне байланысты басталған.
Сотталушылар оны балағаттап, жалға алынған көлік есігінен тартқылап, бүлдірген. Жастар көліктен шыққан кезде Матаев Айымбетовты ұрып, топтық төбелес басталған.
20 наурызда Алматының мамандандырылған тергеу соты Матаевты бұзақылық туралы бап бойынша (ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) екі айға қамауға алды. Кейін бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды. Матаевтың қорғаушылары тергеуге қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін және уақытша ұстау изоляторында азаптау фактілері болмағанын растады.
Сот процесі
Бірнеше эпизод біріктірілген қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 2026 жылдың 15 маусымында Алматының Алмалы аудандық сотында басталды. Қылмыстық іске судья Ернар Қасымбеков төрағалық етті.
Процестің алғашқы күнінен-ақ қорғау тарапы істі созғысы келді. 11 маусымға белгіленген алғашқы отырыс Қасенов пен Қапарованың дәлелді себепсіз келмеуіне байланысты өтпеді. 22 маусымдағы отырыс Қасеновтің денсаулығына байланысты кейінге қалды. Содан кейін дәрігерлер жағдайының жақсы екенін және ауруханаға жатқызуды қажет етпейтінін растаған. 15 маусымда сот бас редактор Әмір Қасеновті қойылған талаптарды бұзғаны үшін тергеу изоляторына қамады.