
Түрік инвесторына толық өткен Алматы әуежайы миллиондаған доллар қарыз алмақ. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған.
Әуежайдың жалғыз акционері – TAV Airports әуежайды дамыту мен қаржыландыруға бағытталған ауқымды келісімшарттар топтамасын мақұлдады. Ресми шешім 2026 жылғы 16 шілдеде қабылданды.
Құжатқа сәйкес, әуежай халықаралық және отандық қаржы институттарынан 670 миллион АҚШ долларына дейін несие тартады. Қарыз екі бағыт бойынша беріледі:
- 650 миллион доллар — ұзақ мерзімді кредиттік желі;
- 20 миллион доллар — қайта айналымға арналған жаңартылатын кредиттік желі.
Тартылған қаржы бұрынғы қарыздарды қайта қаржыландыру, әуежай инфрақұрылымын жаңарту, айналым капиталын толықтыруға жұмсалады.
Ең алдымен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), DEG және Еуразиялық даму банкінен 2021 жылы алынған несиелер толық өтеледі.
Сонымен қатар, Алматы әуежайын модернизациялауға бағытталған «Project Horizon» инвестициялық жобасы әрі қарай қаржыландырылады. Әуежайдың күнделікті операциялық жұмыстары мен айналым капиталына қаржы құйылады.
Қарыз шарты бойынша несиені толық қайтару мерзімі 2033 жылғы 30 маусымға дейін деп белгіленген. Несиенің негізгі кредиторы ретінде Bank of Europe America Designated Activity Company қатысады. Ал Қазақстан жағынан қамтамасыз ету агенті болып «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бекітілді.
Келісім аясында әуежайдың 100% акциясы, банктік шоттары мен сақтандыру шарттары кепілге қойылады. Акционер тарапынан бұл мәмілені жүзеге асыру және барлық құжаттарға қол қою өкілеттігі Франк Мерейде, Вехби Серкан Каптан бастаған бір топ басшыға жүктелді.
Жақында TAV Airports компаниясы Алматы әуежайын бақылайтын Almaty Airport Investment Holding B.V. холдингінің қалған 15% үлесін 133 млн долларға сатып алған белгілі болды.
Мәміле толық аяқталған соң, түрік холдингі әуежайдың 100% толық иесі атанады.