
Comic Con Astana фестивалінде Freedom Кино және ТВ платформасы қазақстандық «TOXIC» суперқаһарман сериалын таныстырды. Жоба авторлары эксклюзивті трейлерді көрсетіп, ресми премьера күнін жариялады.
Бұл туынды – отандық киноиндустриядағы өзіндік суперқаһармандар әлемінің бастау нүктесі болмақ. Премьера 10 қыркүйекте Freedom SuperApp «Кино және ТВ» сервисінде өтеді.
Сюжет не туралы?
Сериал желісі желіде танымал болуды армандайтын жас ютубер Фара мен оның досы Санжиктің төңірегінде өрбиді. Оқыс оқиғадан кейін бойынан ерекше қабілет тапқан Фара бұны блогын дамытудың оңтайлы сәті деп санайды. Алайда, хайп пен танымалдық артынан қуу үлкен сынақтарға ұласып, кейіпкерге өмірдегі ең басты суперкүш — қабілет емес, достық, махаббат пен өзіне деген сенім екенін ұғындырады.
«Comic Con – мен үшін қашан да ерекше атмосфера. Екінші жыл сахнаға жүргізуші болып шығып, фестивальдің дамуын көріп жүрмін. Бұл жолы өзім басты рөлді сомдаған жобаны таныстыру тіптен ерекше әсер сыйлады», – дейді басты рөлді сомдаушы әрі фестиваль жүргізушісі Алмаз Мержақыпов.
Бонус: Эксклюзивті комикс
Сериалдан бөлек, авторлар «TOXIC: Батырсымақ» графикалық романын да таныстырды. Бұл – Токсик пен Санжиктің басынан өткен жеке шытырман оқиғасы (спин-офф). Сюжет желісі бойынша оқиға елдегі басты тарихи символдардың бірі – Алтын Адамның айналасында өрбиді.
Комикстің шектеулі таралымын Comic Con қонақтары алғашқы болып иеленді. Енді бұл туындыны Kaspi, Wildberries маркетплейстерінде, Boys Books сайтында және «Меломан» дүкендер желісінде де сатып алуға болады.
Айта кетейік, осыған дейін жобаның премьерасы 2026 жылдың күзіне жоспарланғаны туралы жазған едік.
