
Қазақстан экономикасы мұнай өндірісінің төмендеуіне қарамастан, өсімін сақтап қалды. Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегі бойынша, 2026 жылдың қаңтар–шілдесінде ЖІӨ 4,1%-ға өсті. Бұл бірінші жартыжылдықтағы деңгеймен бірдей.
Мұнай азайды, экономика өсуін тоқтатпады
Жеті айда Қазақстанда мұнай өндіру 8,9%-ға төмендеп, 53,2 млн тоннаны құрады. Бұрын мұндай жағдай экономиканың жалпы қарқынына айтарлықтай әсер ететін. Алайда биыл өсімді басқа салалар ұстап тұр.
Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, мұнайға қатысы жоқ секторлар жеті айда 5,4%-ға өскен. Яғни экономиканың негізгі драйвері біртіндеп шикізаттан өңдеу, құрылыс, сауда және көлікке қарай ауысып келеді.
Өңдеу өнеркәсібі алға шықты
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9%-ға жетті. Оның ішінде машина жасау өндірісі 22%-ға, химия өнеркәсібі 26,9%-ға, фармацевтика 38,5%-ға, дайын металл бұйымдарын шығару 35%-ға артқан. Тамақ өндірісі де 13,9%-ға өсті.
Экономиканың басқа салаларында да қозғалыс бар: құрылыс 15,3%-ға, көлік және қоймалау 7,4%-ға, сауда 5,9%-ға, ауыл шаруашылығы 5%-ға өскен.
Бұл динамика Қазақстан экономикасының мұнай бағасы мен өндірісіне бұрынғыдай қатты байланып қалмауға тырысып жатқанын көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысында мұнай өндірудің ЖІӨ-дегі үлесі 7,8%-ға дейін төмендеген.
Айта кетейік ағымдағы жылдың алыты айының қорытындысы бойынша ЖІӨ көлемі 4,1%-ды құраған еді.