Жаңалықтар

Мемлекеттік көмек алушыларды жасанды интеллект анықтайды

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Азаматтарға берілетін мемлекеттік көмекті жасанды интеллект анықтайды. Жаңа жүйе адамның әлеуметтік жағдайы мен көмекке қаншалықты мұқтаж екенін ескеріп, қолдау шараларын тағайындауға ұсыныс жасайды. Оны 2026 жылғы қазанда іске қосу жоспарланып отыр.

Тиісті жоспарды Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев таныстырды.

Оның айтуынша, жаңа тетік Әлеуметтік қолдаудың бірыңғай цифрлық платформасында жұмыс істейді. Қазірдің өзінде қазақстандықтар платформа арқылы әкімдіктер ұсынатын мемлекеттік қолдаудың 13 түрін ала алады.

Министрдің айтуынша, тамыз айынан бастап әкімдіктер көрсететін біржолғы мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде мерекелік және атаулы күндерге берілетін төлемдер жасанды интеллект көмегімен тағайындалады.

«Жүйе алдымен төлем алушыларды анықтап, тағайындау туралы шешімнің жобасын қалыптастырады. Ал төлем жасау туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Қыркүйек айында өтініштерді eGov Mobile арқылы беру мүмкіндігін іске қосу жоспарланып отыр. Ал қазанда мемлекеттік қолдау шараларын олардың атаулылығы мен азаматтардың мұқтаждық деңгейін ескере отырып, нысаналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні енгізу жоспарлануда», – деді Ертаев үкімет отырысында.

Айта кетейік, маусым айынан бастап азаматтар қажетті құжаттарды өздері жинап, мемлекеттік органдарға бармай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын ала алады.

«Енді бір ғана өтініш беру жеткілікті: қажетті мәліметтерді платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Одан кейін шешім қабылданып, төлем жасалады», – деп түсіндірді министр.

Қазір платформа арқылы әлеуметтік көмектің мына 13 түрін алуға болады:

  1. емделуге (сауықтыруға);
  2. гемодиализ аппаратын пайдаланатын I топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
  3. тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеуге;
  4. мүгедектігі бар балаларды емдеуге;
  5. созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын адамдарға;
  6. дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
  7. санаторий-курорттық емделуге;
  8. коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге;
  9. тұрғын үйді күтіп-ұстауға;
  10. телефон абоненттік төлемін төлеуге;
  11. тұрмыстық қажеттіліктерге;
  12. қатты отын сатып алуға;
  13. ақшалай көмек түрінде.