Жаңалықтар

Шерхан Аймахан тергеу изоляторында қысым көргенін айтты

Фото: Шерхан Аймаханның блюрленген бейнесі / видеодан скрин

Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті Шерхан Аймахан тергеу изоляторында өзіне күш көрсетілгенін мәлімдеді. Әлдебіреулер физикалық, психологиялық қысым көріп, «есінде жоқ оқиғаны» айтуға мәжбүрлеген көрінеді. Бұл туралы Шымкентте өтіп жатқан сот отырысында айтты.

Шерхан Аймаханның сөзінше, тергеу изоляторында жатқанда белгісіз біреулер кіріп, физикалық, моральдық қысым көрсеткен. Нақты қандай әрекеттерге барғаны белгісіз.

Осыдан кейін оның қорғаушылары 2026 жылдың 13 қаңтарында және 1 мамырда берген жауаптарын іс-материалдарынан алып тастау туралы талап-арыз берді. Сөйтіп қосымша кешенді сот-психологиялық сараптамасын тағайындауды сұрады.

Нұрай Серікбай жақындарының қорғаушылары Шерханнан «қысым жасалған соң мекеме басшылығына шағым түсірдің бе» деп сұрады. Бірақ сотталушы арыз түсірмеген.

«Хаттама заңсыз толтырылған»

Сотта айтылған жағдайлардан кейін судья Самидин Темірәлиев Шерхан Аймахан қаңтарда болған Шымкенттегі 69-тергеу изоляторына сұрау салды. Бірақ түстен кейін мекеме басшылығынан «Шерханға заңсыз ешкім кірген жоқ, қысым болған жоқ» деген жауап келді.

Осыған қарамастан судья сотталушының 13 қаңтардағы жауабын іс материалдарының қатарынан алып тастады. Оның түсіндіруінше, бейнетаспадағы күдіктінің жауабы мен тергеуші хаттамаға түсірген мәтін бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді.  Видеода күдікті Аймахан Нұраймен сөйлескені ғана есінде екенін, әрі қарай аффект күйінде болып, не істегенін білмей қалғанын айтады. Ал тергеуші хаттамаға Аймаханның атынан қылмыс оқиғасын басқаша жазып, жалған хаттама толтырған. Тергеуші заңды өрескел бұзды деп тапқан судья Темірәлиев ол жауапты істен алып тастады.

Бірақ Шерхан Аймаханның 2026 жылдың мамырында берген жауабын істе қалдырды. Оның адвокаттарының қосымша сот-психологиялық сараптамасын тағайындау туралы талабын қанағаттандырмады.

Оқи отырыңыз: «Әрекетін басқара алған»: сарапшы Шерхан Аймаханның психикалық жағдайы туралы айтты.