
Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінің 51 үлескерлерін 3 млрд теңгеге алдаған құрылыс компаниясының қызметкерлері сотталды.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың хабарлауынша, қылмысқа құрылыс компаниясының төрт қызметкері қатысқан. Олар үлескерлерден пәтер, жылжымайтын мүлік және автотұрақ орындарын сату сылтауымен ақша алған. Алайда алған міндеттемелерін орындамаған. Нәтижесінде 51 адамға 3 млрд теңгеден астам шығын келген.
«Айыпталушылар жалған сатып алу-сату шарттарын жасасу арқылы ЖШС-ның ақшалай қаражатын жымқырған, ал клиенттерден алынған 3 миллиард теңгеден астам сома компанияға түспеген. Салдарынан аса ірі мөлшерде залал келтірілді», – деп түсіндірді сот.
Қызметкерлерге қазіргі уақытта 3 айып тағылып отыр. Олар:
- алдын ала сөз байласқан топтың қызметтік жағдайын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтықты ұйымдастырған және оған сыбайлас болған;
- алдын ала сөз байласқан топтың қызметтік жағдайын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салған;
- ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатып алған және пайдаланған.
Айыпталушылар мен қорғау тарапы тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұрады. Ал жәбірленушілер келтірілген шығын өтелмегендіктен, қатаң жаза тағайындауды талап етті.
«Сот қылмыстың ауырлығын, жәбірленушілерге келтірілген залалдың өтелмегенін және кінәні мойындамағанын ескере отырып, айыпталушыларға 8 және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олар 10 жыл мерзімге жылжымайтын мүлік сату қызметімен айналысу құқығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.