
Екі немесе одан да көп банк пен микроқаржы ұйымына (МҚҰ) берешегі бар азаматтар үшін берешекті қайта қараудың бірыңғай тәртібі енгізіледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) жаңа қаулысына сәйкес, тұтынушылық несиесін өтей алмай жүрген тұлғалар енді әр кредитормен жеке-жеке келіссөз жүргізіп уақыт жоғалтпай, барлық міндеттемесін бір процедура аясында шешу мүмкіндігіне ие болды.
Жаңа ережелер коллекторларға өтіп кеткен қарыздарды да қамтиды.
Бұл механизм несие өтеу мерзімін 90 күнтізбелік күннен асырып алған және кепілсіз тұтынушылық қарызы бар тұлғаларға арналған.
Сондай-ақ өткен 12 ай ішінде азаматқа қатысты банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері қозғалмаған болуы шарт.
Егер борышкерге қатысты сот шешімі шығып, атқарушылық жазба жасалған немесе жеке сот орындаушылары өндірісті бастап кеткен болса да, бұл процедураға қатысуға тыйым салынбайды. Тек мұндай жағдайда азамат сот орындаушысының қызметі мен атқарушылық әрекеттердің шығындарын өзі төлеуі тиіс.
Аталған жеңілдік қарыз кешіріледі дегенді білдірмейді. Бұл – борышкердің қаржылық жүктемесін жеңілдету мақсатында келісімшарт талаптарын өзгертуге, яғни несие мерзімін ұзартуға немесе төлем кестесін қайта қарауға бағытталған шара.
Барлық өтініштер Банктік және микроқаржылық омбудсман қызметі жанынан құрылатын арнайы платформа арқылы қабылданады.
Жаңа қаулы ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң өз күшіне енеді, ал арнайы платформа 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылады.