Астана көш басында: Қазақстанда интернет-алаяқтық 7 жылда 55 есеге өсті

Қазақстанда тіркелген әрбір бесінші қылмыс интернет-алаяқтықпен байланысты. Жыл басынан бері мұндай қылмыстардың саны азайғанымен, олардың жалпы қылмыс құрылымындағы үлесі керісінше өскен, деп хабарлайды Kursiv.media.
Finprom.kz мәліметінше 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында елде 13,1 мың интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға аз. Интернет-алаяқтыққа барлық тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 19,5%-ы тиесілі. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 19,1% болған. Ал алаяқтықтың барлық түрінің ішінде интернет арқылы жасалған қылмыстардың үлесі 53,7%-дан 57%-ға өскен.
Алаяқтар көбіне банк қызметкері болып хабарласады
Ең көп таралған алаяқтық схемасы – банк қызметкері ретінде қоңырау шалу немесе хабарлама жіберу. Жеті айда мұндай 2,9 мың жағдай тіркелген.
Алаяқтар жиі қолданатын тәсілдер:
- банк атынан қоңырау шалу және хабарлама жіберу – 2,9 мың жағдай;
- фишингтік сайттар, сілтемелер мен қосымшалар – 2,7 мың;
- қызмет көрсету туралы жалған хабарландырулар – 2,6 мың;
- интернет-дүкендердегі саудаға қатысты алаяқтық – 1,9 мың;
- онлайн несие рәсімдеу – 1,3 мың.
Осы бес схема барлық тіркелген жағдайлардың шамамен 87%-ын құрайды. Көбіне қылмыскерлер азаматтардың банк деректерін қолға түсіруге немесе оларды өз еркімен ақша аударуға, белгілі бір қосымшаны орнатуға не несие рәсімдеуге көндіруге тырысады.
Интернет-алаяқтықтың ең көбі Астанада тіркелген
Интернет-алаяқтық саны бойынша елорда бірінші орында тұр – 2,3 мың жағдай.
Одан кейінгі орындарда:
- Алматы – 1,4 мың;
- Павлодар облысы – 1,1 мың;
- Алматы облысы – 1 мың;
- Қарағанды облысы – 951 жағдай.
Осы бес өңірге барлық тіркелген интернет-алаяқтықтың 50,7%-ы тиесілі.
Ал мұндай қылмыстардың жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардағы үлесі ең жоғары өңір – Павлодар облысы. Мұнда интернет-алаяқтық барлық тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 38%-ын құраған. Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 29,8%, Қарағанды облысында – 29,6%, Қостанай облысында – 28,5% болған.
Алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер азайған
2026 жылдың басынан бері 2,1 млрд теңгеге 1,3 мың алаяқтық несие рәсімделгені анықталды. 2025 жылы мұндай 5,1 мың жағдай тіркеліп, келтірілген шығын 4,6 млрд теңге болған. Ал 2024 жылы 8,7 мың жағдай анықталып, сомасы 20,3 млрд теңгеге жеткен.
Көрсеткіштің төмендеуіне онлайн несие рәсімдеген кезде енгізілген міндетті күту уақыты, күшейтілген биометриялық сәйкестендіру және несие алуға ерікті түрде тыйым салу мүмкіндігі әсер еткен.
Жеті жылда интернет-алаяқтық 55 есеге өскен
2018 жылы Қазақстанда 517 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш рекордтық 28,9 мыңға жетті. Осылайша, жеті жыл ішінде интернет-алаяқтық саны 55 еседен астам өскен.
2026 жылы қылмыс саны азайғанымен, алаяқтық әрекеттер барған сайын цифрлық ортаға ауысып жатыр. Қоңырау шалу, интернеттен тауар сатып алу, түрлі хабарландырулар жариялау және онлайн несие рәсімдеу күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған. Сондықтан алаяқтарға адамды қорқытып немесе шұғыл әрекет етуге мәжбүрлейтіндей жағдай туғызу көбіне жеткілікті.
Банк қызметкерлері PIN-кодты, CVV-кодты және SMS арқылы келетін бір реттік құпиясөздерді сұрамауы тиіс. Күдікті қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, банкке өзіңіз хабарласқаныңыз жөн. Ол үшін банк қосымшасында немесе төлем картасында көрсетілген ресми нөмірді пайдалану керек.
Тағы да оқыңыз: Степногорскіде 20 тұрғынды пәтер алып беремін деп алдаған алаяқ әйел сотталды