
Қазақстан экономикасының шамамен әрбір алтыншы теңгесі тікелей статистикалық бақылауға түспейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бақыланбайтын экономиканың үлесі ЖІӨ-нің 15,69%-ын құрады, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Қазақстанның 2025 жылғы нақтыланған ЖІӨ-сі 159,6 трлн теңгеге жеткен. Осы көрсеткішке сүйенсек, бақыланбайтын экономикалық қызметтің көлемі шамамен 25 трлн теңге болады.
Дегенмен мұндағы 25 трлн теңгенің бәрін «көлеңкелі» немесе заңсыз экономика деп қабылдауға болмайды. Бақыланбайтын экономика – статистика жинаудың негізгі көздері тікелей қамтымайтын экономикалық қызмет. Бюро оның көлемін әкімшілік деректер, арнайы есептеулер және басқа әдістер арқылы бағалап, ЖІӨ есебіне қосады.
Оның ішінде заңсыз қызметтің үлесі небәрі ЖІӨ-нің 1,07%-ын, яғни шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды. Қалған бөлігіне тіркелмеген немесе бейресми қызмет, статистикаға толық есеп бермейтін кәсіпорындар және үй шаруашылықтарының кейбір экономикалық қызметтері кіреді.
Бақыланбайтын экономиканың негізгі бөлігі қызмет көрсету саласына тиесілі. 2025 жылы оның ЖІӨ-дегі үлесі 11,05%, ал тауар өндірісінде 4,64% болды.
Сонымен бірге көрсеткіш бірнеше жылдан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. 2021 жылы бақыланбайтын экономика ЖІӨ-нің 19,75%-ын құраса, 2022 жылы – 18,78%, 2023 жылы – 17,58%, 2024 жылы – 16,71%, ал 2025 жылы 15,69%-ға дейін азайған. Бір жылда көрсеткіш 1,02 пайыздық тармаққа, төрт жылда 4 пайыздық тармақтан астам төмендеді.
Осылайша, Қазақстан экономикасында ресми статистика тікелей бақылай алмайтын қызметтің үлесі азайып келе жатқанымен, оның абсолюттік көлемі әлі де айтарлықтай — шамамен 25 трлн теңге.
Тағы да оқыңыз: QR дәуірі: 7,1 трлн теңгенің 60 пайызы смартфон арқылы төленген.