Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов Үкіметті Салық кодексін кейінге шегеруге шақырды

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бүгінгідей жаһандық тұрақсыздық жағдайында «жаңа Салық кодексін қабылдау – реформа емес, – қауіп» деген ойын жеткізіп, Үкіметке үндеу жолдады.
Сәтсіз тәжірибе
Жұмабек Жанықұлов Қазақстан ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеріп, Салық кодексін қайта жазып жатқан кез АҚШ пен Қытай тарифтік қақтығыстарды күшейтіп, Еуропа Одағы қорғаныс шараларын енгізіп, Ресей мен Үндістан импортты алмастыру саясатын белсенді жүзеге асырып жатқан күрделі кезге сай келіп тұрғанын атап өткен.
Ол 1990-жылдары және 2000-жылдардың басында ҚҚС-ты 20%-ға дейін көтеріп көрген тәжірибе бюджетке өсім әкелмегенін, керісінше, кәсіпкерлердің көлеңкелі экономикаға кетуіне себеп болғанын айтады.
Кәсіпкер ұсынысы
Қазақстанда қалған әрбір доллар – отандық экономика үшін шетелге кеткен 80 центтен әлдеқайда пайдалы екенін айтқан ол өз атынан төмендегідей шараларды ұсынады;
- «Салық реформасын оның салдарына баға беріп, сыртқы экономикалық жағдай тұрақтанғанға дейін кейінге шегеру.
- Шекарада импортты цифрлық бақылауды енгізу және оны ТН ВЭД кодтары бойынша міндетті түрде жіктеу.
- Ішкі өндірісті бірінші орынға қоятын ұлттық протекционистік саясатты жедел жүзеге асыру.
- Инвестициялық климаттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, күрт фискалдық өзгерістерден бас тарту.
Кәсіпкер қазір – реформа жасау уақыты емес, экономикалық шоғырлану уақыты екенін айтады.
Жанықұлов деген кім?
Жұмабек Жанықұлов – өндіріс, медицина, химия және қоғамдық салада белсенді қызмет атқарып келе жатқан кәсіпкер. 2022 жылы Forbes Kazakhstan ұсынған «Қазақстанның 50 ең ықпалды бизнесмені» тізімінде 46-орынға тұрақтаған. Басылым оның бизнесінің әртараптандырылған құрылымы мен экономиканың түрлі салаларындағы ықпалын атап өткен. Ол жуырда тележүргізуші Динара Сәтжанға үйленген болатын.