Қазақстанда «сән-салтанат» салығы енгізілмек. Ол қандай мүлікке салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Сән-салтанат салығы қандай мүлікке салынады/ Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жылжымайтын мүлкінің құны 450 млн теңгеден, ал астындағы көлігінің бағасы 75 млн теңгеден асатындар алдағы уақытта қосымша салық төлеуі ықтимал. Үкімет жаңа Салық кодексіне «сән-салтанат» салығын енгізуді ұсынып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжіліс отырысында бұл салықтың қандай дүние-мүлікке салынатынын айтты.

«Біз «сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салуды ұсынамыз», – деді министр.

Құны 450 млн теңгеде асатын үйі бар азаматтардың төлейтін мүлік салығы өседі. Одан бөлек 75 млн теңгенің көлігі, қымбат яхта мен жеке ұшақтарға акциз енгізу жоспарланған.

Қымбат алкоголь мен сигараларға акциз салынады

Үкімет жаңа Салық кодексіне қымбат алкоголь мен сигараларға 10% акциз салуды ұсынып отыр. Сондай-ақ салық төлеушілермен жұмыстың сервистік моделі ұсынылып, салықты кешіктіргені үшін әкімшілік жазалау тоқтатылады.

Қазақстанда біраз уақыттан бері «сән-салтанат салығын» енгіз ұсынысы айтылып келеді.Сол кезде ҰЭМ экс-министрі Әлібек Қуантыров 6 млн теңгелік Macallan вискиінің мысалында байлық салығы қалай алынатынын түсіндіріп өткен.

Қанша адамда яхта бар?

Былтыр наурызда министрлік арнайы қаулы жобасын дайындап, байлыққа салынатын салық көлемін арттыруды ұсынған. Сол құжатта қазақстандықтардың иелегінде 490 яхта бар екені жазылған. Дәл осы яхталарға салынатын салтанат салығын кеменің ұзындығымен өлшеу керек деп жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз