Гарвард Трампқа қарсы шықты. Обама альма-матерді қолдады

Гарвард университетінің басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына қарсы шықты. Ақ үй оқу орнының 2,2 млрд доллар көлеміндегі грантын бұғаттап тастады. Барак Обама секілді түлектер альма-матерді қолдады.
Билік әмірі жүрмейді
14 сәуір күні университет басшылығы Трамптың антисемитизмге қатысты талаптарын орындаудан бас тартты. Гарвард президенті Алан Гарбердің пікірінше, билік талаптары федералдық үкіметке «университет қауымдастығына бақылау орнатуға» жол береді.
«Билікке қай партия келмесін, бір де бір үкімет жекеменшік университтердің қалай оқытып, қай саланы зерттеу керектігіне әмір жүргізбеуі тиіс», – деп мәлімдеді Гарвард президенті.
Университет басшылығы кампустардағы антисемитизммен күресуді жалғастырады, бірақ оны биліктің нұсқауымен атқарылғанын қаламайды.
Бірнеше сағаттан кейін Трамп әкімшілігі университтің бірнеше жылға арналған зерттеу гранттарын бұғаттайтынын мәлімдеді.
Өткен жұмада Гарвард университетінің профессорлары Трампты сотқа беріп, ғылыми зерттеулерге арналған 9 млрд доллардың қысқаруына қарсы шыққан.
Гарвард түлектері де қарсы
Гарвардтың заң факультетін бітірген экс-президент Барак Обама альма-матер шешіміне қолдау көрсетті.
«Гарвард академиялық еркіндікті тұншықтыруды көздейтін заңсыздыққа қарсы шығу арқылы басқаларға үлгі көрсетті», – деп жазды Обама X әлеуметтік желісіне.
Университеттің басқа да ықпалды түлектері қолдау көрсетіп жатыр.
Гарвард – Құрама Штаттардағы ең бай білім мекемесі. Bloomberg мәліметінше, оның қорында 53 млрд доллар бар. Соған қарамастан Гарвард секілді ірі мекемелер де мемлекет қолдауына зәру.