Нұсқаулық: басшылыққа «айлық көтеріңіз» дегенді қалай дұрыс жеткізу керек

Жарияланды
жұмыс
Басшылыққа «айлық көтеріңіз» дегенді қалай дұрыс жеткізу керек/Фото: shutterstock

Ақша туралы ашық сөйлесуге бата бермейтіндер бар. Көбі қысылып, «мен жайлы не ойлап қалар екен» деп тартынады. Әсіресе, жұмысқа кіретін кезде жалақы қандай болатынын, сыйақы бар-жоғын, істеп жатқан жерден айлықты көтеруін сұрау қиынға соғуы мүмкін. Қанша жылдан бері сол компанияда жүрсе де, әлі күнге дейін жалақысын көтере алмай жүргендер болады. Бәлкім, көтермей қояр деп қорқатын шығар. Болмаса, өзі туралы жаман ой қалыптасып қалады деп батпайды. Дегенмен еңбегіңізге сай ақы сұрағанда тұрған ештеңе жоқ. Егер компанияға қосып жатқан үлесіңізге айлығыңыз сай болмай тұрса, басшылыққа мұны дұрыстап жеткізе білсеңіз болғаны. Бүгінгі материалда сізге толыққанда гайд дайындап ұсынамыз.

Айлық туралы неге ашық сөйлесу керек?

«Егер мен жақсы жұмыс істесем, онымды байқап өздері айлығымды не қызметімді көтереді. Көтермей жатса, демек мен әлі лайық болмағаным» деп ойлайтындар бар. Бұл сөзге негіз бар болғанымен, кейде өзіңіз жеткізбейінше бастықтың құлағына жетпейтін кездер болады. Мүмкін басшылықтың жұмысы қауырт шығар. Болмаса, сізге не керегін білмеген соң, қазіргі күйіне риза деп ойлауы мүмкін. Сондықтан өзіңіз тікелей әрекет етпейінше, мансабыңыздың өсуіне қатысты қадамдарды басқадан күтіп жүрудің қажеті шамалы.

Кәсіби тұрғыдан толысқан адам ақша туралы әңгімеден тартынбауы керек. Ол тақырыпта сөйлесе алғанның өзі — өте маңызды машық. Әлдебір салада эксперт болып, жауапкершілігіңіз көбейгенін сезсеңіз, айлық пен позиция көтеру туралы сөйлесетін кез келді деп біліңіз. Бұл жерде сіз өтініш айтқандай болмауыңыз керек. Маман ретінде құныңызды неғұрлым нақты білсеңіз, соғұрлым әңгіме барысында өзіңізді сенімді ұстай аласыз.

1-бөлім. Әңгіме бастамай тұрып істеуіңіз керек қадамдар

1. Нарықты шолып шығыңыз

Бастығыңызға кірерден бұрын қызметіңіздің қазіргі уақытта қанша тұратынын біліп алыңыз:

  • Жұмыс іздейтін платформалар мен сайттардан ұсыныстарды қараңыз. Мысалы, сіз копирайтер болсаңыз, ол позицияға кім қанша ақы ұсынып жатыр.
  • Міндетін, тәжірибесін, талабын қарап шығыңыз. Сізге сәйкес келетін, ұқсасын табуыңыз керек.
  • Кәсіби Telegram-чаттар, LinkedIn не жабық карьералық қауымдастықтардан осы қызметтің жалақысы қандай екенін анықтап алыңыз.

Бұл жерде орташа ақыны табу міндетті емес. Сізге бастысы талаптары мен міндеттері, жұмыс өтілі сіздікімен бірдей қызметкерлерге басқа компаниялардың қанша жалақы төлейтінін біліп алу. Яғни нарықта қалай екенін қарай отырып, сіздің қазіргі айлығыңызды салыстырасыз. Егер аз алып жүрсеңіз, осы талдауға сүйене отырып бастығыңыздың алдына барасыз. Қолда аргумент дайын.

2. Енді аргументтер дайындаймыз

Аргумент деп эмоцияны емес, фактілерді айтамыз. Ол үшін кейінгі жарты жыл не бір жылда компания үшін не істедіңіз, қандай үлес қостыңыз — соны ойлаңыз.

  • Қандай жобалар жасадыңыз?
  • Қандай қосымша міндеттерді иыққа арттыңыз?
  • Ол жұмыстарыңыздың нәтижесі қандай болды? Оң әсер берді ме?

Істеп жатқан жұмысыңыздың бизнеске тигізген пайдасын негізге ала отырып әңгіме бастауыңыз керек. Сондықтан шама келсе, нәтижелерді айтқанда нақты сандар болғаны жақсы. Мысалы, «оптимизация жасағанның арқасында бюджеттен 1 000 000 теңге үнемдедік», «органик трафикті жарты жылда 40 пайызға көтердік» дегендей жағымды әсерлер болсын.

3. Жұмысты беріліп істейтініңізді көрсетіңіз

Айлық дегенде ойыңызға KPI ғана түспесін. Одан бөлек, компанияға адал еңбек еткеніңіз, түрлі бастама жасағаныңыз, тұрақтылығыңыз да рөл ойнайды. Олай болса, мына сауалдарды өзіңізге қойып көріңіз:

  • Командалық жұмысты қаншалықты беріліп істейсіз?
  • Жаңа тапсырма бергенде бірден құлшына кірісіп кетесіз бе?
  • Ұсыныс, бастама айтасыз ба?
  • Қиын жағдайларда жауапкершілік аласыз ба?

Жұмыс беруші тарап жұмыс істеп қана қоймай, процестерді алға жылжытуға көмектесетін адамдарды қатты бағалайды.

4. Оңтайлы сәт таңдаңыз

Мына кездерде айлық көтеру туралы әңгіме бастамаған жөн:

  • Компанияда дағдарыс болып жатса;
  • Әлдебір жоба сәтсіз басталған кезде;
  • Бастықтың шаруасы көп кезде.

Ал мынадай уақытта жалақы жайлы сөйлескен абзалырақ:

  • Жобаны сәтті жүзеге асырған соң;
  • Тоқсан не жарты жылдық аяқталған тұста;
  • Қызметкерлердің өнімділігі бағаланып жатқан кезде (performance review);
  • Жаңа қызметке ауысқанда не жауапкершілік молайған уақытта.

2-бөлім. Қалай әңгімелесу керек?

Не жайлы және қалай айтатыныңызды жүйелеп алыңыз

Мынадай сценарий ұсынамыз:

  1. Басын былай бастаңыз:
    «Уақыт тауып, қабылдағаныңызға рахмет. Кейінгі айларда команда қосып жүрген үлесім мен қазіргі міндеттерім туралы сөйлессем деп едім. Оған қоса, еңбекақы мәселесін талқылағым келеді».
  2. Аргумент келтіріңіз:
    «Менің еңбек шарттарымды кейінгі рет қарастырғалы бері мен мына жобаларды атқардым (атауын, нәтижесін айтыңыз). Одан бөлек, мынадай қосымша міндеттерді алып жүрдім. Соның арқасында мынадай жетістіктерге жеттік (тізіп шығыңыз).
  3. Сұранысыңызды шегелеңіз:
    «Қазіргі міндеттерімнің нарықта қалай бағаланып жатқанын салыстыра келе, компанияға қосқан үлесімді ескере отырып айлығымды көтеретін кез келді деп есептеймін (соманы не белгілі бір аралықты келтіріңіз).
  4. Талқылауға дайын екеніңізді білдіріңіз:
    «Талқылап, осыған қатысты ойыңызды тыңдауға дайынмын».

Мына нәрселерді есте ұстаңыз:

  • Сөзіңіз нық болсын. Бірақ ұрсысып жатқандай болмауыңыз керек.
  • Эмоцияны ысырып қойыңыз да, іскерлік стильде әңгіме өрбітіңіз.
  • Бірден келіседі деп ойламаңыз. Бәлкім, бастығыңызға ойланып, таразылау үшін уақыт керек болатын шығар.

3-бөлім. Келіспесе не істейміз?

Бірден салыңыз суға кетпесін. Кейде қазір «жоқ» дегенімен, ол «сәл кейінірек» деген мағына беруі мүмкін.

Айлық көтермейтін болса:

  • «Осы мәселені қайта қарастыру үшін алдағы 3-6 айда не істесем болады?» деп сұрап алыңыз.
  • Айлық, қызметке қатысты қандай критерийлер барын нақтылаңыз.
  • Егер сізге әлдебір келісім ұсынса, оны жазбаша бекітіп алған дұрыс. Айталық, «белгілі бір жоба жүзеге асқасын қайта қараймыз» десе, сол келісімді шегелеп алған дұрыс.
  • Келесіде бұл мәселені талқылайтын уақытты да нақтылау керек.

Бастысы, келіспегенін бірден ақырзаман деп қабылдамаңыз.

Түйін

Айлық көтеруін сұрап сөйлессеңіз, мұның өтініш емес, келіссөз екенін түсінуіңіз қажет. Дұрыстап дайындалып, өзіңіздің құныңызды жақсы біліп барсаңыз, оңтайлы сәт таңдасаңыз, қалағаныңызға жете аласыз. Көбірек жалақы алғыңыз келсе, үндемей жүре бермеңіз. Әр сөзіңізге аргумент айтып үйреніңіз. Бірінші рет оқталғанда келіспей қойса, ештеңе етпейді. Алған беттен таймаңыз.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстандағы еңбек нарығына шолу жасап, қандай мамандардың айлығы жоғары екенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз