Ұлттық валюта бағамының кенет құнсыздануы сыртқы нарықтағы жағдайдың өзгеруінен, әсіресе мұнай бағасының төмендеуінен болуы мүмкін деп тұжырымдайды Стратегиялық бастамалар Орталығының (CSI) аға серіктесі, экономист Олжас Құдайбергенов.
«Қазіргі кезде инфляция 2014-2015 жылғы девальвацияның әсерінен қалыптасқан тұрақтылық қорын тауысты, сол кезде қол жеткізілген баға тепе-теңдігін қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Мұнай бағасы арзандаса, теңге тағы да құнсыздануы мүмкін», – деді экономист 17 қазанда өткен баспасөз-жиынында.
«Мұнай бағасы айтарлықтай жоғары болып тұрған шақта, теңге бағамын нығайтып алу қажет» деген пікірлер де бар екенін айтып өтті.
«Бірақ қазір теңге бағамын нығайту экономикаға қатты соққы болып тиюі мүмкін, сондықтан курсты нығайтудың еш қажеттігі жоқ, ал ұлттық валютаның құнсыздануы тек сыртқы жағдай өзгерген кезде болуы мүмкін», — деп пайымдайды сарапшы.
Сонымен бірге, ол қысқа мерзімді кезеңге арналған теңге бағамы жайлы өз болжамын айтудан бас тартты.
«Біздің нарық шағын ғана және ірі ойыншылар бүкіл көрсеткіштерді қатты қадағалап отыр. Алайда теңге бағамының құбылуына ұсақ ойыншылардың да әрекеттері жетерлік еді, сонымен қатар кез-келген дүрлікпе теңге бағамының құлдырауына әкеп соғатын факторға айнала алады. Сондықтан, мен осы тұрғыдан қарағанда, теңге бағамының өзгеруіне қатысты пікір білдіруден тартынып отырмын, – деді Орталық басшысы.
Сонымен қатар, ол «Альпари» компаниясының сараптамалық департаментінің директоры Александр Разуваев мырзаның болжамын сынға алды. Александр Разуваев қыркүйек айының басында «жыл соңына дейін курс 1 доллар үшін – 350-370 теңге аралығында тербеліп, Жаңа жылдан соң 1 АҚШ долларының құны 400 теңге көрсеткішінен асып жығылады, оған себеп қазақстандық билік, ресейліктер сияқты, өзінің ұлттық валютасына «уақытша дүние» секілді қарап, оны нығайтуға еш әрекет жасамайды» деп мәлімдеген еді.
Экономист ресейлік сарапшының сөзіне қатысты: «Былай түсіндірейін, сарапшы пиар-қадамға көбірек ұқсайтын осы іспетті өткір тұжырымдаманы қолданған шақта, оған деген сенім төмендеуі мүмкін: егер ұлттық валюталар маңызы жоқ уақытша нәрсе болса, неге бірден «доллар 1000 немесе 2000 теңге тұрады» деп болжам жасап тастамасқа?, – деп, өз пікірін білдірді.