Әдетте Қазақстан Республикасының экспорт құрылымында мұнай және өзге де көмірсутектер, мысқорытпа сияқты өңделмеген минералды өнімдер басым болып келеді. Осы орайда, БАҚ және әлеуметтік желілерде Қазақстан дамыған елдердің шикізаттық қосалқысы деп таралған пікірді объективті деп атауға болмайды. Kursiv Research елдің қандай шикізаттық емес тауарлары экспортқа шығару кезінде сұранысқа ие екенін анықтады.
2016 жылмен салыстырғанда ел экспорты 2017 жылы 24,3%- ға артып, көрсеткіш $48,5 млрд-ты құрады. Экспорт құрылымында басым үлесті, атап айтқанда, 68,5% минералды өнімдер, оның ішінде отын-энергетикалық тауарлар – – 63,3%, ($30,72 млрд), металдар мен олардан жасалған бұйымдар – 18,1%, химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері – 5,1%, жануарлар және өсімдік тектес өнімдер – 5%, машиналар мен жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар – 1,4% құрады.
Қазақстан импорты 2017 жылы $29,6 млрд деңгейіне жетті. Негізінен елімізде сырттан әкелінетін машиналар мен жабдықтардың көрсеткіші 37,8% құрап отыр, екінші орынға химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері орналасып, 16,6% құраса, үшінші орынды «өзге тауарлар» санаты – 13%-бен алып отыр, ал төртінші орынды жануарлар және өсімдік тектес өнімдер, дайын азық-түлік тауарлары иеленіп, олардың үлес салмағы 11,7% шықты, одан кейінгі кезекте минералды өнімдер 9,3% құрап отыр.
Ал шикізаттық емес экспорттық тауарларға тоқталатын болсақ, онда алдыңғы қатардағы ондыққа* келесі тауарлар кіріп отыр.
10-орын
Әскери кемелер және құтқару кемелері
Экспорттық тауарлар рейтингісінің соңғы 10- шы орнына кемелер, оның ішінде әскери және құтқару кемелері орналасқан. Үш негізгі экспорттаушы Канада, Нидерланды және Түрікменстан болып отыр. 2017 жылы Канада Қазақстаннан құны $29 млн тұратын бір кеме сатып алса, Нидерландыға жалпы құны $2,48 млн-ға 13 кеме экспортталған, ал Түрікменстан сомасы $1,61 млн болатын теңіз көлігін сатып алған. Экспорттың жалпы сомасы $33,67 млн-ды құрады.
9-орын
Жүзбелі маяктар, өрт сөндіру кемелері және өзге де жүзбелі құралдар
Мұндағы экспорттың жалпы көлемі $35,1 млн-ды құрады. Импорттаушылардың алғашқы үштігі – Грекия, Әзірбайжан және Румыния. Аталған елдерге жүзбелі құралдар экспортының 99,8%-ы тиесілі.
8-орын
Картоп
Картоптың негізгі экспортаушысы – біздің қабырғалас жатқан жақын көршіміз Өзбекстан. Сол жаққа ҚР-нан 2017 жылы жалпы сомасы $35,56 млн болатын 269 474 тонна картоп жеткізілді. 2016 жылы Өзбекстанның ішкі нарығында картоп бағасы қымбаттап, оны Қазақстаннан сатып алу тиімдірек болды. Тәжікстан мен Түрікменстан бірге алғанда жалпы сомасы $0,09 млн құрайтын 1 109 тонна картопты импорттады.
7-орын
Минералды немесе химиялық тыңайтқыштар
Екі немесе үш қоректік элементтер, яғни азот, фосфор және калий бар тыңайтқыштар сұранысқа ие болды. 2017 жылы экспортталған барлық тыңайтқыштар көлемінің 27,3% -ы Қытай үлесіне тиді, тағы 26,33% — ы Украинаға және 15,56% — ы Аргентинаға жіберілді. Қазақстанда тыңайтқыш нарығында «ҚазАзот» АҚ және «Қазфосфат» ЖШС сияқты екі мекеменің өнімі өтімді.
6-орын
Балық еті
Балыққа келетін болсақ, онда алдыңғы қатарлы ондыққа «Балықтың сүбесі мен оның тоңазытылған және мұздатылған еті сияқты басқа түрлер (тартылған етті қосқанда» атты экспорттық саласы да кіреді. Экспорттың жалпы көлемі $39,36 млн-ды құрады. Балық сүбесінің негізгі тұтынушысы – Литва, оны ҚР-нан $12,48 млн. сомасына сатып алған. Еліміздің балық нарығына қатысты айтатын болсақ, онда оның үстемдігі басым және бұл салада 130 компанияға жуығы ұсынылады, алайда сапаның төмен стандарттары мен жоғары көлік шығындарына байланысты барлық өндірілген өнім сыртқа шығарылмай қалуы мүмкін.
Литвадан кейін 19,17% үлеспен Нидерланды, ал одан кейін Германия 16,51% көрсеткішпен келе жатыр.
5-орын
Зергерлік бұйымдар
Үздік бестікті бағалы металдардан немесе бағалы металдармен жалатылған металдардан жасалған зергерлік бұйымдар мен олардың бөліктерін экспортқа шығаратын кәсіпорындар ашады. Бұл тауардың негізгі импорттаушысы ретінде әсіресе Швейцарияның үлесін ерекше атап өткім келеді, дәл осы елге зергерлік бұйымдардың 99,98%-ы жөнелтіледі. 2017 жылы Қазақстаннан Швейцария $41,41 млн. сомаға өнім сатып алды.
4-орын
Темекі және темекі бұйымдары
Экспортқа шығарылатын темекі өнімдерінің 58,2% — ы Моңғолияға тиесілі, экспорттың жалпы сомасы $ 25,62 млн. құрайды. Қазақстанның темекі өнеркәсібі негізінен екі компанияның темекі өнімдерінің маркаларымен ұсынылған.
3-орын
Күнбағыс, мақсыр немесе мақта майы
Үздіктер үштігіне күнбағыс, мақсыр немесе мақта майы кірді. Өнімді өткізудің негізгі нарығы Қытай және ТМД елдері, ең алдымен ол — Тәжікстан мен Өзбекстан. Көрші Қытайдың үлесі $21,97 млн. құрайды, бұл бүкіл экспорттың жартысын алып отыр. Қазақстандағы ірі май өндірушілер – Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы қаласында шоғырланған.
2-орын
Бұршақты көкөністер
Экспорттың көлемі бойынша кептірілген, аршылған, тұқымдық қабығынан тазартылған, ұсақталған және ұсақталмаған бұршақты көкөністер екінші орында тұр. Ең қызығы, бұл өнімдердің негізгі импорттаушылары диқаншылық мәдениеті дамыған Түркия, ал одан кейін Ауғанстан мен Иран болып отыр. Астық, сәбіз, пияз және т.б. сияқты ауылшаруашылық өнімдері қарастырылмады, өйткені экспорт кезінде олар қайта өңдеуден өткізілмейді.
1-орын
Ұн
Шикізаттық емес тауарлар экспортының ең үлкен көлемі бойынша бидай және қарабидай ұны ешкімге дес бермей тұр. 2017 жылы Қазақстан $ 459,58 млн.-ға ұн экспорттады. Айтпақшы, бес жыл бұрын, 2012 жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар арасында $599,34 млн.көлемімен осы ұн көш бастаған болатын. Қарастырылып отырған осы кезеңде елімізде 250-ге жуық ұн тартатын кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын ескере отырып, Қазақстанда жалпы өндірілген 4 млн тонна ұнның 2,2 млн арнайы экспортқа арналып өндірілді.
Ұн өндіру нарығында негізгі бәсекелес Қазақстан астығын пайдаланатын Өзбекстан болып қалады. Сонымен қатар 2017 жылы Өзбекстан қазақстандық өндірушілерге қарағанда, халықаралық нарықта өзінің ұнын тоннасына 22 $ — ға арзан сатқан.
2012 жылы шикізаттық емес тауарлардың ондығына* пошталық маркалар, банкноттар, акциялар және бағалы қағаздардың басқа да түрлері кіргенін атап өткен жөн. Бұл топ $466,92 млн. көрсетіп, экспорттық көлем бойынша екінші орынды алған болатын. Сондай-ақ, бес жыл бұрын шикізаттық емес тауарлардың алдыңғы қатарлы ондығына ұшу және ғарыш аппараттары – $194,94 млн, мыс сымдары – $100,25 млн, буксирлер (сүйреткіштер) мен кеме итергіштер – $75,94 млн, өзге де құбырлар мен түтіктер – $72,65 млн-мен кірген болатын.
ҚР ҚМ МКК мәліметтері бойынша, 2018 жылдың 8 айында Қазақстанның экспорты $ 35,17 млрд құрады, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ол 30% — ға артқан. Осы кезеңде Қазақстанның импорты $12,42 млрд құрады, бұл өткен жылдың баламалы кезеңіне қатысты 14% — ға өсті.
* Рейтингке ЕАЭО мемлекеттері қосылмаған