«Түркістан» vs «Қорғас»: Қазақ-өзбек орталығы қазақ-қытай орталығынан да танымал болуы мүмкін бе?

Опубликовано
Жаңадан ашылатын орталықтағы сауда айналымы Қытаймен шекарадағы «Қорғас» ШЫХО-на қарағанда жоғары болуы мүмкін, алайда бұл бәрінің де көңілінен шыға бермейтін сияқты

Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Түркістан» ШЫХО-сын ашу туралы келіссөздер жүріп жатыр. Егер бұл келіссөз табысты болса, жаңа сауда орталығындағы сауда айналым Қытаймен шекарада орналасқан «Қорғас» ШЫХО-нан  жоғары болуы мүмкін. Алайда бұл жағдай барлығының көңілінен шықпайтын секілді. Мәселенің мәнісі  «Курсивъте».   

Әрбір сенбі-жексенбі күндері Ташкент пен оған іргелес жатқан ауылдардың қарапайым тұрғындары, өздері айтпақшы, «шекара асады».  Олардың алған бағыты – жақында ғана миллионер шаһар атанған Қазақстанның Шымкент қаласы. Бір жарым жыл бұрын ресми Ташкент өз азаматтарының шетелге шығу рәсімін жеңілдетіп, көршілермен ара-қатынасын жақсартқан соң, Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі шаһар бір  сәтте ақ көптеген өзбектер үшін сауда-саттықтың өзіндік бір қасиетті қаласына айналды. Көз алдындағы бұл жағдайды өзбектің ресми шенеуніктері де, бұқаралық ақпарат құралдары да ұзақ уақыт бойы мойындағысы келмегені – бөлек әңгіме.   

Тәулігіне 30 мыңға дейін адам кіреді  

Жағдай тек өткен аптаның аяғында ғана өзгерді. Өзбекстандағы жағдайды бақылап отыратын адамдар үшін күтпеген жерден, танымал өзбек интернет-басылымдарының бетінде, қазақстандық БАҚ-қа сілтеме жасалынып, қарапайым өзбектердің Қазақстаннан қолжетімді бағада сапалы тауар алу үшін қазақ-өзбек шекерасындағы өткізу пунктінде сағаттап тұруға дайын екендігі туралы мәліметтер басылды. Атап айтқанда, бұл мақалаларда тек «Гишт-Куприк-Жібек жолы» жаяу шекаралық пунктінен бір тәулік ішінде 30 мыңнан аса Өзбекстан азаматтарының өтетіні жарияланған. Олар Шымкент базарларынан өздерінде аса танымал, өтімді құрылыс материалдарын, тұрмыстық техника мен азық-түлікті тасиды. Ең қызығы бұл материалдардан сәл ертерек, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қорғас» ШЫХО-сы тәжірибесін негізге ала отырып, қазақ-өзбек шекарасында «Түркістан» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құру туралы ұсынысына арналған мақалалар жарияланған еді. Өзбек БАҚ-ы мен танымал Telegam-чаттардағы  «Түркістан» ШЫХО-сы жобасы туралы жарияланымдардың астында жазылған пікірлерге қарап отырып, қарапайым өзбектерге Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы өте ұнағанын байқауға болады. Көп өзбектер Қазақстанмен шекарада осындай бажсыз сауда орталығы пайда болса, екі ел арасындағы сауда-саттық айналымы жыл ішінде-ақ 5 млрд доллардан асу мүмкіндігін болжап отыр. Ал Астана бұл көрсеткішке 2020-жылдары қол жеткізуді жоспарлаған. Оның үстіне 5 миллион тұрғын мекендейтін Ташкент-Шымкент агломерациясында инфрақұрылым жақсы дамуының арқасында, шекара маңы ынтымақтастығына арналған жаңа орталық сауда-саттық көлемі жағынан да, соның әсерінен шекараның екі жағында да тауар мен қызмет құнының арзандауы тұрғысынан да «Қорғасты» басып озады деген пікір бар.   

Тек жақсы ниетпен…  

Сонымен қатар, «Түркістан» ШЫХО-сын салу идеясы елдің бәріне ұнамайтынын жоққа шығаруға болмайды. Оны қолдамайтындар Өзбекстанда да, Қазақстанда да бар. Мәселен, Өзбекстан Республикасының іскерлік ортасындағы «Курсивъ» дереккөздері біздің назарымызды биыл маусым айында шыққан Өзбекстан министрлер кабинетінің «Жеке тұлғалардың Өзбекстан Республикасына тауар кіргізу тәртібін жетілдіруге бағытталған қосымша шаралар туралы» №463 қаулысына  аудартты. «Курсивъ» дереккөздерінің айтуынша, осы жарлыққа сәйкес,  жеке тұлғалар үшін азық-түлік және тұрмыстық техниканы елге әкелу нормалары айтарлықтай төмендеген.  

Мәселен, қаулы пайда болғанға дейін қарапайым азаматтар Өзбекстан шекарасын әр кесіп өткен сайын елге құны 300 доллар тұратын тауарларды кіргізе алса, қазіргі уақытта бұл сомаға айына бір рет қана тауар әкелуге болады. Сондай-ақ, әкелінетін азық-түлік тауарларының салмағына да шек қойылды:  бір адамға әр тауарды 2 келіден артық алуға болмайды. Осылайша, «Курсивъ» дереккөзі  «Өзбекстан тұрғындары Шымкенттен өздерінде танымал қазақстандық өнімдерді, мәселен, 5 литрлік сұйық май мен 3 келілік ұнды алудан бас тартуға мәжбүр» екендігін ескертіп өтті. Ең қызығы, біздің дереккөзіміздің ақпаратына сүйенсек,  аталмыш «қосымша шаралардың» енгізілуіне ішкі нарықта өз өнімдеріне деген сұраныстың күрт төмендеуіне алаңдаған жергілікті тауар өндірушілер мүдделі болған. Сәйкесінше, «Курсивътің» ташкенттік дереккөздері өзбек билігіне сөзі өтімді жергілікті тауар өндірушілері Қазақстан мен Өзбекстанның қарапайым тұрғындарына өте тиімді болатын «Түркістан» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығын салу жөніндегі келіссөздерді іркілтуге ұмтылуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Өйткені олардың өнімдері Қазақстан тауар өндірушілері өнімдерімен тең бәсекеге түсе алмайды.   

Біртүрлі баспасөз хабарламасы  

Өзбекстанмен арадағы сауда-саттықтың артуына қарсылар Қазақстан Үкіметі айналасында да бар секілді көрінеді. Бұлай деуімізге ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің 17 қазанда жарық көрген біртүрлі баспасөз хабарламасы себеп болып тұр. Оның алғашқы нұсқасында, (ол кейінірек өзгертілді)  қазақ-өзбек шакарасындағы 2017 жылғы 5,8 мыңнан – 2018 жылы 21,7 мыңға дейін қарқынды өскен жүк көлігі тасқынын өткізуді жылдамдату шараларының бірі ретінде, «Б.Қонысбаев» автожол өткізу пунктіне күрделі жөндеу жүргізу үшін, оны 1,5 жылға жабу ұсынылған. Осы жерде бұның не мағына беретінін түсіндіріп өтелік. Мәселе былай, қазақ-өзбек шекарасында тек 3 автожол өткізу пункті бар. Біріншісі – Ташкент облысы мен Түркістан облысы аралығында, Сарыағаш қаласының маңында орналасқан «Науаи-Қапланбек» өткізу пункті, ол тек күндіз ғана жұмыс істейді. Ал екіншісі – тәулік бойы жұмыс істейтін, Түркістан облысы, Бозсу ауылының маңындағы «Яллама – Б.Қонысбаев» өткізу пункті. Ал үшіншісі – «Қарақалпақстан – Тәжен» – Қарақалпақстан Республикасы мен Маңғыстау облысы шекарасында жатыр. Ол «Науаи-Қапланбек» секілді тек күндіз жұмыс істейді.  Бұл дегеніміз – алдағы күндері екі елдің де азаматтары шекарадағы қозғалыс баяулап, көлік кептелісімен бетпе-бет келеді деген сөз. Ол өз кезегінде көптеген тауарлардың қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін. Сәйкесінше, дәл қазіргі жағдайда «Түркістан» ШЫХО жақын арада пайда болады дегенге сену қиын. Бұл қате пікір болса жақсы.

Читайте также