Сыртқы жарнама салығы: кәсіпкерлер мойнына тағы бір жүк іліне ме?
11 сәуірде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заң өз күшіне енеді. Заң күшіне енген соң, сыртқы жарнаманы орналастыру құны мен төлем мерзімі өзгереді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында аталмыш құқықтық құжаттағы өзгерістерге байланысты туындайтын түйткілдерді талқыға салды.
Заңнамадағы өзгерістер негізінен сөрелердің сыртқы безендірілуі, салық мөлшері мен рұқсатнама құжаттарын алуды қамтыған. Осы ретте «Атамекен» ӨКП өкілдері сөреге салық салуды адам естіп-білмеген жаңалық деп отыр. Ендігі жерде сыртқы жағынан безендірілген, яғни көше жағынан жарнама ілінген сөре мен терезеге салық салынуы мүмкін. Яғни, дүкен терезесінде тауар немесе қызметтің суреті, акция мен жеңілдіктер туралы ақпарат орналастырылса, оған да төлеуге тура келеді. Ал бұған дейін кәсіпкерлер сөре мен терезені безендіргені үшін жарнама салығын төлемейтін еді.
Сонымен қатар, кәсіпкердің витражды терезесі болса, оны жарнама үшін тек ішкі жағынан пайдалана алады. Бұл үшін жарнамалық ақпаратты терезеден 15-20 см алшақ орналастыру керек, бұл жағдайда жарнама салығын төлеудің қажеті жоқ.
«Жаңа салық түрін енгізу – кәсіпкерлерге жүктелген үлкен салмақ, оның бизнеске тигізер зардабы үлкен. Мәселен, мен өз дүкенімнің терезесіндегі сурет үшін айына шамамен 170 мың теңге төлеуім керек. Бір жылға алып қарасаң, 2 миллионның айналасында қосымша шығын шығады. Бұл аз ақша емес. Бәсекелестік жоғары болғандықтан, тауар құнын қымбаттата алмаймыз. Егер бүгін тауар бағасын көтерсем, ертең-ақ тақырға отыруым мүмкін», – дейді «Тост плюс» ЖШС директоры Бақыт Сүлейменов.
Ал салық мөлшері сыртқы жарнама көлеміне байланысты. Мәселен, көлемі 2 шаршы метрлік сыртқы жарнама үшін кәсіпкер 2 АЕК көлемінде міндетті жарна төлеуі тиіс, ал адам көп жүретін көшелерде (А категориясы) бұл сома екі еселеніп, 4 АЕК-ке жетеді. Егер сыртқы жарнама көлемі 70 шаршы метрден асатын болса, онда 200 АЕК төлеуге тура келеді. Әр көше бойынша салынатын салықтың нақты көлемін қалалық немесе облыстық мәслихат анықтайды.
«Сыртқы жарнама бойынша енгізілген бұл өзгеріс бәрінің бас ауруына айналса да, біздің облыста аса өткір тұр. Өйткені ҚР Салық кодексінде жергілікті атқарушы органдардың жарнама құнын 2 есеге дейін көтеруіне рұқсат берілгенін пайдалана отырып, біздің облыстық мәслихат жарнама салығын 1,9, яғни 2 есеге дейін көтеріп жіберді. Біздің табысымыз 2 есе өспесе де, шығынымыздың көлемі артты. Айталық көлемі 3*6, яғни 20 шаршы метрге дейінгі билбордтар үшін айына 45 450 теңге төлейміз», – дейді «Асар Медиа Стар» ЖШС бас директоры Ольга Цыганова.
Сонымен қатар, билборд нарығы да өзгереді. Қазір жарнама берушілер жарнамасын роллерлік дисплей, билбордта орналастырғаны үшін жарнама салығын әр конструкцияға ғана төлейді. Ал заңдағы өзгерістер өз күшіне енген күннен бастап, бұл жүйе өзгеріп, салықты құрылым үшін емес, экранда шығатын әр сурет үшін төлеу керек болады.
–Бұрын бүкіл құрылым үшін айына 45 450 теңге төлесем, енді заң бойынша әр жарнамалық роликке 7 АЕК, егер біздің аймақтың мәслихаты салық мөлшерін екі есе көтеріп тастағанын ескерсек, әр сурет үшін 14 АЕК төлеуім керек. Ақшаның бәрі тек салыққа кетеді. Ал қызметкерлердің жалақысын қалай берем, коммуналдық қызметке ақшаны қайдан алам? – деп ашынады кәсіпкер.
«Сонымен қатар, заң баптарының орындалуын кім бақылайтыны, қанша ролик көрсетілгенін кім және қалай қадағалайтыны белгісіз. Бұл жерде жемқорлыққа жағдай жасалып тұр. Айталық, жарнама агенттігі тексерушінің қалтасына ақша салып, уәкілетті органның есебінде 10 емес, 5 ролик көрсетілген деп жазуын «өтінуі» мүмкін, – дейді «Атамекен» ӨКП заң бөлімінің басшысы Нұрлан Махамбетов.
Сондай-ақ, 11 сәуірден жарнама орналастыруға рұқсат алу тәртібі де, төлем мерзімі де өзгереді. Заңдағы өзгерістер өз күшіне енгенге дейін оның рұқсаттық сипаты болса, ендехабарландыру сипатын иеленеді. Яғни, жарнама беруші ғимараттың сыртына, сөре мен билбордқа жарнама ілуден 5 күн бұрын сәулет және құрылыс мекемелеріне ескерту жіберуі тиіс. Оған қоса сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін салықты алдын-ала төлеуі керек.
«Табыс тапқан екенсің, мемлекетке салық төле, бұл дұрыс. Ал бізде қалай? Табыс таппай жатып, мемлекетке салық төлеуге міндеттісің. Бұндай тәсілдің ақыры кәсіпкерлердің көлеңкеге кетуімен тынады. Айталық, уәкілетті органға ескерту жіберіп, салықты да төледім делік. Ал кәсіпкер сауда жоқ, сондықтан келісім-шартты бұзамыз десе, маған ақшамды кім қайтарып береді?» – дейді Ольга Цыганова.
Кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, «Атамекен» ӨКП Ұлттық Палатаға заңды бұрынғы қалпында қалдыруға ықпал ету өтінішімен шықпақ.
«Егер заңнамадағы салық мөлшері осылай қала берсе, онда жарнаманың күні бітті дей беріңіздер. Яғни, мемлекет кәсіпкерден 2 рет салық алғысы келіп отыр. Айталық, кәсіпкер жарнамасыз 1 миллионның тауарын сатты делік, одан міндетті түрде салық төлейді, ал дүкен иесі жарнама беріп 10 миллионның тауарын сатса да, одан салық жарнасын өткізеді. Енді жарнама орналастырғаны үшін тағы да салық төлеуіне тура келіп тұр. Бұндай дүние әлемдік тәжірибеде жоқ», – деп пайымдайды Нұрлан Махамбетов.