Қазақстанда митингке қатысты арнайы заң қабылданбақ, соған сәйкес, шеруге шығып, өз пікірін білдіргісі келген адамдар алдымен билік орындарына хабарласып, оларға бас біріктіріп, өз пікірін айтуы үшін арнайы орын белгіленетін болады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews-ке берген сұхбатында айтты.
«Әрине, заңсыз әрекеттердің бәрі тоқтатылады. Рұқсат етілмеген шеру мен тәртіпсіздік ұйымдастырудың заңсыз екенін Бас прокуратура бірнеше рет ескерткен, өйткені олар оған қатысқысы келмейтін халыққа кедергі келтіреді», –деді ол.
Сонымен қатар президент Қазақстанда сайлау ашық өтуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Бірқатар сайлау учаскелерінде заң бұзушылық орын алғанын мойындаймын. Әрине, бәрі жан-жақты сарапталып, оның барлығы дәлелденсе, қажетті шаралар қолданылады», – деп нақтылады Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, оның басты саяси міндеті – билікке жастарды тарту.
«Әрине, қордалаған мәселелерді көшеде, тәртіпсіздік пен аласапыран ортасында емес, дөңгелек үстел басында шешу үшін, наразы топтардың да өкілдері шақырылады», – деді ол.