Өткен айда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) Директорлар кеңесінің салымдардың әртүрлі түрлері бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін өзгерту туралы екі шешімін жария етті.
Бірінші шешім 8 мамырда жарияланды: ұзақ мерзімді жинақ және мерзімді салымдар бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі бір жылдан бастап шетел валютасында 2% деңгейінде белгіленді. Осылайша, өткен жылдың қазан айынан бастап теңгемен кірістілігі жоғары қайтарылмайтын салымдарға қосымша Қазақстанда шетел валютасымен де осындай депозиттер пайда болды. Бұл өзгерістер күшіне енді және 1 маусымнан кейін қабылданған салымдарға қолданылады. Мұндай депозиттер бойынша кепілдік сомасы 5 миллион теңге деңгейінде қалады. Қазір мұндай депозитті екінші деңгейлі алты банкте ашуға болады.
Екінші шешім 4 маусымда жарияланды және ол теңгемен мерзімсіз салымдарға қатысты болды: 1 шілдеден бастап екінші деңгейдегі банктер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9,8%–дан аспайтын жаңа салымдарды тартатын болады. Банк салымы шартының аяқталу мерзімі 2019 жылдың үшінші тоқсанына келетін бұрын орналастырылған салымдардың мерзімі ұзартылған кезде де дәл осындай ең жоғары мөлшерлеме қолданылады.
Теңгедегі және шетел валютасындағы салымдар бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері туралы шешімдер – бұл екі ұзақ мерзімді міндеттерді шешуге бағытталған жүйелік шара:
- банк операцияларын тұрақсыз қорландыру құнын төмендету арқылы қазақстандық экономикаға несие берудің өсуін қамтамасыз ету, және
- басқа елдермен бәсекелес шарттарда тұрақты депозиттік базаны қалыптастыру.
ҚДКБҚ Директорлар кеңесі бекіткен әдіснамаға сәйкес әр тоқсан сайын депозиттердің барлық түрлері бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін қайта қарайды. Әдіснама қағидаты келесі тоқсанға арналған салымдардың әрбір түрі бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі өткен тоқсанда нақты нарықтық мөлшерлемелерді орташа өлшемді мәні негізінде белгіленеді. Теңгемен мерзімсіз салымдар бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесінің төмендеуі салымдардың осы түрі бойынша сыйақының төмендеуіне нарықтың беталысын көрсетеді: екінші тоқсанда орташа алынған нарықтық мөлшерлеме 10,5% ең жоғары мөлшерлеме кезінде жылдық 9,4–9,8 пайыз диапазонында құбылды. Теңгемен мерзімді және жинақ салымдарының барлық желісі бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері өзгерген жоқ: екінші тоқсанда екінші деңгейдегі банктер осындай салымдарды барынша жоғары мөлшерлемелер бойынша тартты, бұл нарықтың неғұрлым жоғары сыйақы мөлшерлемесімен тұрақты қорландыруды тартуға дайын екендігін көрсетеді.
Қазақстан экономикасында несиелеу үшін салымдар маңызды рол атқарады. Жеке тұлғалардың депозиттеріне банк секторы міндеттемелерінің 40% келеді. Қорландыру құны – депозиттер бойынша пайыздық сыйақы – несие беру құнына тікелей әсер етеді, ал депозиттік базаның тұрақтылығы мен жеделдігі банктердің шағын және орта кәсіпкерлерге, нақты секторға ұзақ мерзімді кредиттер беру, ипотеканы, автонесие беруді дамыту мүмкіндігін айқындайды. Қазіргі уақытта несие нарығының ресурстары қысқа мерзімді тұтынушылық несие беруде және субсидияланатын салаларда шоғырланған, жақын болашақта талап етуге дейін салымдарды тартудың қолайлы құны және қайтарып алынбайтын салымдар нарығын дамыту банк секторына қазақстандық экономиканы кредиттендіруді сапалы өсуі үшін ресурстарды ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ұзақ мерзімді болашақта бизнес пен өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, тауарлар мен қызметтер айналымын жеделдету арқылы экономиканың өсуіне және барлық азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Салымшылар үшін мерзімсіз салымдар кірістілік сыйақының шекті мөлшерлемесін төмендеткен кезінде де жағымды болып қала береді: жылдық инфляция деңгейі 5,3% болғанда, «таза» кірістілік инфляциядан тыс 4,5%–ға дейін құрайды. Салыстыру үшін, Ресейде жылдық инфляция 5,1% кезінде мерзімсіз салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 8,5 пайызды құрайды, ал инфляциядан тыс «таза» кірістілік 3,4% құрайды.
Екінші ауқымды міндет – екінші деңгейдегі банктерді қорландырудың тұрақты базасын қалыптастыру, оның ішінде басқа елдермен бәсекелес шарттарда шетел валютасындағы жинақ және мерзімді салымдар бойынша кірістілікті арттыру арқылы. Бұл шара банктік сараптама қоғамдастығында және бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді талқыланды. Қазақстанда кірістілігі жоғары шетел валютасындағы салымдардың пайда болуы бәсекелестік жағдай жасауға және Қазақстан экономикасындағы валюталық депозиттердің көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
Теңгемен және шетел валютасымен толық депозиттік желі
ҚДКБҚ мамыр-маусым айларында қабылдаған шешімдердің арқасында салымшыларға теңгедегі және шетел валютасындағы салымдардың толық желісі: жинақ, мерзімсіз және мерзімді салымдар қолжетімді болады.
Депозиттердің бұл түрлерінің үш негізгі айырмашылығы бар:
- кепілдік,
- кірістілік,
- мерзімінен бұрын алуды шектеу.
Депозиттік желі салымдардың шын мәнінде әртүрлі түрлерімен ұсынылған, бұл салымшылардың өмірлік мүдделері мен міндеттерінің барлық спектрін қамтуға мүмкіндік береді.
Мақсатты жинақ – жинақ салымы
Мамыр айында ҚДКБҚ екінші деңгейдегі банктер салымшыларының сұрауын жариялады, ал қазір алғашқы алдын ала нәтижелер алынды. Сауалнама көрсеткендей, сұралған он банк салымшыларының жетеуі ұзақ мерзімді мақсаттарға, оның ішінде төртеуі – жылжымайтын мүлік немесе машина сатып алуға, ал әрбір үшіншісі – жөндеу, демалыс, тұрмыстық техниканы жаңарту сияқты жоспарланған шығыстарға қаражат жұмсайды.
Мұндай салымшылар үшін 15 миллион теңгеге жоғары кепілдікпен теңгемен жинақ депозиттері құрылды – бұл деңгей ірі мақсаттарды іске асыруға қажетті жинақтардың сомасын көрсетеді және жинақтарды қосымша қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоғары сыйақы мөлшерлемесі мен пайыздарды капиталдандыру ақшаны инфляциядан қорғауға және ұзақ мерзімді болашақта жинақтардың сатып алу қабілетін қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар депозит балансының жылдам өсуі есебінен ірі қаржылық мақсаттарды жылдам іске асыруға мүмкіндік береді. Жинақ салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі – кепілдікпен қорғалған барлық қаржы құралдарының ішіндегі ең жоғарысы. Үшінші тоқсанда теңгемен жинақ салымдары бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері 11,5%– дан басталады.
Үш, алты ай, бір жыл және екі жыл мерзімге орналастырылған депозиттер үшін сыйақының әртүрлі шекті мөлшерлемелері белгіленген: кірістілік әдетте салым мерзімінің ұлғаюымен өседі. Мысалы, жинақ салымдары бойынша одан әрі бір жылға толықтырусыз сыйақының шекті мөлшерлемесі 13% – ды, екі жылға және одан да көп уақытқа – 13,5%-ды құрайды.
Жинақ салымдары бойынша сол мерзімге сыйақы мөлшерлемесі осы салымды одан әрі толықтыруға болатынына қарай әртүрлі болады. Толықтыру құқығынсыз салымдар бойынша сыйақы ставкасы жылдық 0,8–2 пайызға жоғары.
Жоғары сыйақы мөлшерлемесі салым мерзімі ішінде салымшы үшін өз ақшасына билік етуге кейбір шектеулерді көздейді. Тек мерзімінен бұрын алу шектеледі:
- ішінара мерзімінен бұрын алуға жол берілмейді — кейіннен банктік салым шартын жаба отырып, ақшаны толық алуға болады,
- ақшаны мерзімінен бұрын алған кезде ақшаны беру мерзімі – банкті хабарлау еткеннен кейін 30 күннен ерте емес,
- ақшаны мерзімінен бұрын алған кезде сыйақы талап етілгенге дейінгі салым ретінде – 0,1% шегінде төленеді.
Осы шектеулерге байланысты жинақ депозиттері шын мәнінде мақсатты болады: салымшылар қандай мақсаттарға және қандай мерзімде ақша талап етілетінін түсінеді. Сәуір айында салымшылар жинақ салымдарына ашылған шоттардың 2%–ын мерзімінен бұрын жапты. Мерзімінен бұрын жабу есебінен орналастырылған жинақ салымдарының көлемі 1%–ға төмендеді.
Барлық жинақ салымдарының 88%–ы – бұл ең жоғары сыйақы мөлшерлемесімен толықтыру құқығынсыз салымдар. Салымшылар ұзақ мерзімді жинақ салымдарын қалайды: жалпы көлемнің 85%–ы бір жыл мерзімге орналастырылған.Сәуірде жинақ салымдарының жартысы 13% сыйақы мөлшерлемесіне орналастырылды.
Теңгедегі жинақ салымдары нарығының үлесі шағын күйінде қалып отыр – жинақ салымдарына теңгедегі депозиттік база жалпы көлемінің 2% ғана тартылды. Алайда, жаңа жинақ салымдары нарығы бір айдан бір айға дейінгі өсімнің неғұрлым жоғары қарқынын көрсетеді: осы салымдар пайда болған сәттен бастап нарықта орташа айлық өсім 70%–ды құрайды.
Мерзімді салымдар: негұрлым көп ұтқырлық – соғырлым аз табыстылық
Мерзімді салымдар жинақ салымдары сияқты міндеттерді шеше алады, яғни мақсатты жинақтарды тездетеді. Мерзімді салымдарды қалайтын салымшылар, өз ақшаларына иелік етуде анағұрлым ұтқырлы болады. Ақшаны мерзімінен бұрын алу шектеулері аз болғандықтан, мерзімді салымдардың кірістілігі жинақ салымдарынан төмен, бірақ мерзімсіз салымдардың кірістілігіне қарағанда жоғары. Жинақ салымдарына ұқсас, бұл салымдар үшін кірістіліктің бірдей шкаласы қолданылады: әр түрлі мерзімге орналастырылған салымдар үшін одан әрі толықтырылып немесе онсыз әр түрлі сыйақы мөлшерлемелері қолданылады. Үшінші тоқсанда мерзімсіз салым бойынша алуға болатын ең жоғары шекті сыйақы мөлшерлемесі 9,8%–ды құрайды.
Одан әрі толықтыру мүмкіндігімен мерзімді салымдар бойынша шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жылдық 10,5–дан 11 пайызға дейінгі диапазонда, салымдар бойынша одан әрі толықтыру мүмкіндігінсіз – жылдық 11-дан 12,5 пайызға дейінгі диапазонда белгіленген. Салым мерзіміне байланысты барлық желі бойынша сыйақы мөлшерлемесі жинақ салымдары бойынша сол мерзімге қарағанда 1% төмен.
Сыйақы мөлшерлемесі мерзімінен бұрын алуға байланысты шектеулерден төмен болғандықтан:
- толық және ішінара мерзімінен бұрын алуға жол беріледі,
- толық немесе ішінара мерзімінен бұрын алу кезінде есептелген сыйақы барлық кезең үшін төмендетілген мөлшерлеме бойынша қайта есептеледі – алынбаған сыйақы сомасы шарт талаптарына байланысты болады,
- ақшаны мерзімінен бұрын алған кезде ақшаны беру мерзімі – мерзімінен бұрын алу туралы банкті хабардар еткеннен кейін жеті күннен кешіктірмей.
Жинақ салымдарына қарағанда, мерзімді салымдар арасында барынша талап етілген, толықтыру құқығы бар салымдар: барлық мерзімді салымдардың 85%. Барлық мерзімді депозиттердің 95% бір жылға және одан да көп уақытқа орналастырылған.
Мерзімсіз салым: қарапайымдылық, жоғары ұтқырлық, төмен табыс
Мерзімсіз салым – бұл қазақстандықтарға үйреншікті қаржы құралы. Мұндай салым күтпеген шығыстарға жинақ жасайтын және қаржылық қауіпсіздік жастығы болуы және кез келген уақытта ақшаға иелік ету мүмкіндігі маңызды салымшыларға қолайлы. ҚДКБҚ сауалнамасының алдын ала мәліметтері бойынша мұндай салымшылар – үштен бір бөлігі.
Банктік салым шарты белгілі бір мерзімді көздегеніне қарамастан, ақшаны толық немесе ішінара мерзімінен бұрын алу салымшының қалауы бойынша қалады және әдетте, сыйақыны төмендетуді көздемейді. Теңгемен ашылған осындай депозиттер бойынша кепілдік сомасы 10 миллион теңгені, шетел валютасымен – 5 миллион теңгені құрайды.
Бүгінгі күні банк салымшыларының тек 17%–ы ғана ақшаны жинақ салымына да, мерзімсіз (ұтқырлы) салымға да орналастыруға дайын: жинақ салымындағы ақшаның бір бөлігі қажетті кірістілік береді, ал мерзімсіз салымдағы ақша күтпеген шығыстар үшін кез келген уақытта қолжетімді болады және инфляциядан қажетті қорғауды қамтамасыз етеді.
Депозиттік нарықтың жаппай сегментінде шоттардың 95%–ы қазір теңгемен ашылған. Мұны ҚДКБҚ сауалнамасының нәтижелері де растайды: банктер салымшыларының 52%–ы жинақ ақшасының негізгі бөлігін теңгемен сақтауды қалайды, салымшылардың тек 11%–ы жинақ ақшасының негізгі бөлігін шетел валютасында сақтауды қалайды, және әрбір төртінші салымшы жинақ ақшаларын 50/50 қағидасы бойынша бөледі.
Толығырақ ақпарат – ҚДКБҚ веб-сайтында: www.kdif.kz
Депозиттер бойынша кепілдік туралы кеңес алыңыз:
- колл-орталықта 1460 (ұялы және қалалық телефондардан тегін)
- әлеуметтік желілерде: Facebook @KDIFKZ , Инстаграм @deposit_KZ
- телеграмм-чатта @kdif_ask