Қазақстанға қанша көлік «көлеңкелі жолмен» келеді?
«Қазавтопром» одағының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарянның айтуынша, көлеңкелі автокөлік импорты жылына 130 млн долларды немесе 50 млрд теңгені құрайды. Дегенмен, соңғы 4 жылда оның көлемі 5 есе қысқарған.
«Егер ресми импортты саны жағынан да, сапа тұрғысынан да бағалай алсақ, бұл жылына – 242 млрд теңге, ал «көлеңкелі» импорт көлемін дөп басып айту қиын. Біздің болжамымыз бойынша, Қазақстанға жылына, жалпы құны, $130 млн долларды құрайтын көліктер заңсыз кіргізіледі. Десе де, соңғы 9 айда 29 мың адам Қазақстанда құрастырылған көліктерді таңдаған, бұл – жалпы нарықтың 56 пайызы. 21 мыңнан аса отандасымыз шетелдік көлікті жөн көріпті. Соның ішінде, Ресейден келетін көліктердің үлесі 15-17 пайызды құрайды», – деді арнайы баспасөз-жиынында Артур Мискарян.
2015 жылдары жаңа көліктердің 24 пайызы заңсыз кіргізілетін. Оған, нарықтың басым бөлігін алып тұрған (44 пайыз), ескі көліктерді қосыңыз. Қазіргі кезде қомақты кедендік салықтың арқасында жаңа көліктердің көлеңкелі импорты 8 пайызға дейін азайып, ескі көліктер, тіптен, аз әкелінеді.
Сарапшының дерегі бойынша, Өскеменде «Азия Авто» зауытының ашылуымен нарықтағы отандық көліктердің үлесі 50 пайызға жетпек. Ол 2021 жылы жүзеге асады деп жоспарланған. Кәсіпорында дәнекерлейтін және көлік бояйтын цех жұмыс істейді. Зауыт бастапқы кезде жылына 60 мың дана көлік құрастырмақ.