Бас прокуратура Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын растады.
«Иә, қылмыс оқиғасының болмауына байланысты, оған (Мәнізоровқа. – «Курсив») қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бас прокурор тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарына заңдылықты бұзуға жол берген қызметкерлерді тәртіптік жазаға тарту жөнінде ұсыным енгізілді», – деді мәжіліс дәлізінде бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Естеріңізге салсақ, Мәнізорвтың қамауға алынғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерге шыққан болатын. Онда әкімнің орынбасары 26-қыркүйекте қамауға алынғаны туралы хабарланған-ды. Артынан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бұл фактіні растаған еді.
Бағдат Мәнізоров қызметтік лауазымын пайдалана отырып, аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын.