Новости

Ақтаудағы ферманың ірі туристік-аграрлық кешенге айналуына не кедергі?

Кәсіпкер осы шаруа үшін құрылыс компаниясынан шығып кеткен

Бес жылдан бері Ақтау маңында «Жинкиндер жайлауы»  шаруа қожалығы жұмыс істеп келеді. Оның иесі ешкі өсірумен қатар, жүзім егіп, балық пен шаян өсіруді қолға алған. Алайда бұл істің қанатын кеңейтіп, ірі аграрлық-туристік кешен құруға бюрократия кедергі келтіріп тұр. 

Осыдан он жыл бұрын Руслан Жинкин ірі құрылыс компаниясын басқаратын еді, кейіннен бұл істі тастап, мал шаруашылығын қолға алады. 2014 жылы 18 ешкі сатып алған, алайда бір жыл ішінде олардың тек сегізі қалады, өйткені бұрынғы құрылысшы ешкі бағудың қыр-сырын білмейтін еді. 

Кәсіпкер ешкі өсіруді, ең алдымен, балаларына сүт керек болған соң қолға алған. Алайда ешкілер айналада шашылып жататын полиэтилен пакеттерді шайнап, содан өліп жатты. 

«Содан кейін, селекциямен айналыса бастадық, бірнеше жылдан соң, жергілікті ауа райына төзімді сүтті ешкі тұқымын шығардық. Ең қызығы, бұл ешкілер пакетке мүлдем жоламайды», – дейді Руслан Жинкин. 

Күніне 150 литр сүт сауылады, қалаға ең жақын орналасқан шаруа қожалығы осы болғандықтан, оны Ақтау тұрғындары өздері келіп алып кетеді. Ал қалған сүттен сүзбе жасап, сарысуын арнайы рецептпен дайындалатын нанның қамырына қосады. 

Француз шарабынан кем түспейді

Ешкі басын көбейтумен қатар, фермер саңырауқұлақ өсірумен де  айналысады. Қазіргі кезде фермада аспа саңырауқұлақтар бар, бірақ кәсіпкер қозықұйрық өсіруді жоспарлап жүр. Жергілікті қозықұйрықты Ақтау базарларынан табу қиын, оларды негізінен Польшадан алып келеді. 

«Қозықұйрық өсіру жүйесін зерттей келе, біз жақта жан-жағында осы саңырауқұлақтар өсетін құмырсқа илеуі көп екенін байқадым. Өңделген термиттен ерекше субстрат жасап, онда қозықұйрық өсіруге бел будым. Қазір осы субстратқа патент алу мәселесімен айналысып жатырмын»,– дейді фермер. 

Әзірге айына 500 келіге жуық аспа саңырауқұлақты қаладағы базарларға жіберіп отыр.  Сонымен қатар, Жинкиндер фермасында тауық бағады, оның жұмыртқасын да базарға шығарады. 

Русланның болашаққа жоспары – 1 гектар жерге жүзім отырғызып, лейбл жасап, шарап өндірісімен айналысу. Кәсіпкер Маңғыстау жерінде өсірілген жүзімнен жасалған шарап, француз шарабынан кем түспейтініне сенімді. Өйткені жүзім өсетін топырақ құнарлы, күн көзі де молынан түседі. Фермердің айтуынша, түбектің қатаң ауа-райына қарамастан, еңбек еткен кісі бәрін өсіріп, тірлігінің нәтижесін көре алады. 
Сонымен қатар, кәсіпкердің арнайы бассейн жасап, ол жерде бекіре мен шаян өсіру жоспары да бар. Әзірге Руслан оны теңізден рұқсат етілген уақытта аулап жүр. Каспий шаяндары шетелдіктердің де қызығушылығын тудырған. Бастапқы кезде бір тоннаға дейін шаян сатып алуға даяр еуропалық компаниямен келісім-шарт жасалып жатыр. 

«Мәселе мынада, бұған дейін, мұндай іспен біздің облыста ешкім айналыспаған. Біз сертификат алу мәселесімен облыстың кәсіпкерлер палатасына барған едік, ол жақтағылар мұндай іспен бірінші рет бетпе-бет келіп отырғандықтан, бізді, тіпті, кімге жіберерін білмеді. Қазір шаян өсіруге қалай лицензия алуға болатынын анықтап жатырмын», – дейді сөзін нақтылаған фермер. 

Жер мәселесі

«Жинкиндер жайлауы» – шағын туристік-аграрлық кешен.

Бұл жаққа қонақтар экскурсияға келіп, фермердің өнімдерін сатып алады. Бірнеше жылдан бері кешенді кеңейтуге қажетті 1 гектар жерді алу үшін жергілікті билікпен алысып келеді. Ол жерде қонақүй, асхана салып, шаруасын кеңейтіп, келген туристерге теңіз бен қожалықтың өз өнімдерін ұсынбақ. Кәсіпкердің есебі бойынша, бұл іске бастапқы кезде 50 млн теңге инвестиция қажет. 

«Өзімнің жинаған қаражатым бар, әріптес инвесторлар да бұл іске қаржы салуға дайын, кепілге қоятын зат та бар, жетпей бара жатса, несие ала аламын. Бірақ мәселе дәл жер теліміне келіп тіреліп тұр.  Ферманың қасында бос жатқан жер бар, бірақ ол жақ заңсыз қоқыс полигонына айналған. Оны, тіпті, қоқысты өз есебімнен алып тастауға, топырақтың құнарын қалпына келтіріп, коммуникациясын жүргізуге дайынмын. Бұл бос жатқан жер, оны жер бөлімі де растап берді», – дейді Руслан Жинкин. 

Ірі туристік-аграрлық кешен үлгісін Руслан Еуропадан көріп келген, ол жақта туристердің таза экологиялық өнімдерді тұтынып,  жата-жастана демалуына мүмкіндік беретін экологиялық ауылдар өте танымал. 

«Басында әкімдіктегілер бұл жерді бере алмайтындарын айтып шығарып салған, кейін, аукцион арқылы ғана бере аламыз деген еді, аукцион әлі хабарланған да жоқ. Содан кейін, егер инвестициялық жоба ретінде өтетін болса, тіпті, жерді сатып алу құқығымен жалға ала алады екенмін. Бірақ бұл мәселенің бірнеше жылдан бері шешілетін түрі жоқ», – дейді Руслан Жинкин. 

Кәсіпкердің айтуынша, бұрынғы облыс әкімдері қарамағындағыларға осы мәселемен айналысуды тапсырғанымен, істің орнынан жылжитын түрі жоқ. Сол кезде Руслан Туризм индустриясы комитетіне хат жазып, ол жақтан «бұл қажет жоба, жан-жақты қолдау керек» деген жауап келген. 

«Бұл жобада туризм және агроөнеркәсіп сынды басым бағыттар тоғыстырылған, бізде инвесторларды қолдау қажеттігі тек ауызбен айтылып, іс жүзінде ештеңе істелмейді»,– деп ол  өз ренішін білдіріп өтті. 

Кәсіпкер қазір айында 1,5 млн теңге табыс табады. Егер жобасы сәтті жүзеге асса, салған қаржыны 3-4 жылдың ішінде ақтап,  айында 3-4 млн теңге кіріс кіргізуі мүмкін. 

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы алдағы уақытта Руслан Жинкиннің жобасын қарастырамыз деп уәде берді. 

«Біз оны инвестициялық жобалардың қатарына қосып, жер беруге де қарсы емеспіз. Алайда ертең жоба жүзеге аспай қалса, берілген жерді қайтаруына тура келеді. Жүзеге асса, тіпті, жақсы.  Бұл – туристік бағыттағы жоба, алайда қазір индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына өзгеріс енгізіліп жатқанын ескеру қажет, алдағы уақытта қандай салаларға басымдық берілетінін біз білмейміз»,– дейді басқарма басшысы Талғат Әбдіқадіров.