Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен Конфедерация Кубогында Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері қарсыластарынан басым түсіп, кубок иегері атанды.
Финалдық тартыста Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысының құрамалары кездесті.
Астаналық командадан шешуші матчқа тәжірибелі Азат Махметов пен Ілияс Сүлейменов, сондай-ақ жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрбек Оралбай мен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы Айбек Оралбай қатысты.
Түркістандықтар жарысқа 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиев, құрлықтық біріншіліктің жүлдегері Бекдәулет Ибрагимов, Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет пен бірнеше жас боксшыларды қосқан.
Конфедерация Кубогы мен жүлде қорының тағдыры ауыр және аса ауыр салмақтағы боксшылардың жекпе-жегінде шешіліп,Түркістан облысының құрамасына жеңісті Абзал Құттыбеков пен Нұрлан Сапарбай алып берді.
Нәтижесінде, Түркістан облысының командасы 5:3 есебімен Конфедерация Кубогының финалында жеңіске жетіп, 12 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.