УЕФА қазақстандық «Ордабасы» клубы Еуропа Лигасының 2020/21 маусымынан шеттетілгені туралы жариялады, деп хабарлайды ұйымның ресми сайты.
Сонымен қатар, команда 2021/2022 маусымында еурокубоктарға жолдама ұтып алса да турнирге қатыстырылмайды. Клубқа 100 мың еуро сомасында айыппұл салынады. Санкциялар клубқа қаржылай Fair Play-дың (клубтың трансферге және футболшыларға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығынының сомасы оның табысынан аспау керек) ережелерін сақтамағаны үшін салынып отыр.
Егер «Ордабасы» 2021 жылғы 31-қаңтарға дейін сомаларды 2019 жылғы 30-қыркүйектегі жағдай бойынша мерзімі асып кеткен несиелік берешек ретінде төлегенін дәлелдей алатын болса, онда жазадан құтылатын болады.
Шымкенттік клубтың сайтында төмендегідей мәлімдеме жарияланған:
Бүгінгі таңда «Ордабасы» футбол клубы 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі барлық кредиторлық қарыздарды жауып, УЕФА талаптарына сәйкес Сертификатқа үміткер ретінде лицензия процесін өтуде.
Осыған байланысты «Ордабасы» футбол клубының Еурокубоктардан шығарылу қаупі жоқ.