Тоқаев Қырғызстан президентімен Жамбыл облысында болған оқиғаны талқылады
Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ, Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаны талқылады.
Қырғызстанның көшбасшысы қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековке қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы тату көршілік, серіктестік пен одақтастық Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды факторы саналатынын атап өтті»,- делінген хабарлама.
Ал president.kg сайты Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан қиын кезеңдерде бауырлас Қазақстан халқына әрдайым қол ұшын созып, көмек көрсететінін атап өткенін жазады.
Бұған дейін хабарланғандай, өткен жұма күні Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масаншы ауылының тұрғындары арасында жанжал шығып, арты топтық төбелеске ұласқан. Қақтығыс салдарынан отыз шақты тұрғын үй мен ондаған дүкен қирап, бірнеше көлік отқа оранған. 10 адам қайтыс болып, 170 кісі медициналық көмекке жүгінген.