2020-2022 жылдары жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 9 млрд теңгені құрайтын болады. Жыл сайын 3 млрд теңгеден бөлініп отырады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Ғылымды дамытудағы басымдықты бағыттар мен 2020-2022 жылдары жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру көлемін бөлу туралы ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, атом энергетикасы саласындағы технологиялық сипаттағы қолданбалы ғылыми зерттеулер туралы ҚР энергетика министрі Н. Ноғаев баяндады.
Қазіргі кезде мемлекеттік ғылыми-техникалық және экономикалық сараптамалар нәтижесі бойынша ұлттық ғылыми кеңестер келесі 7 басымдықты бағыт бойынша жас ғалымдардың 1013 өтінімін іріктеп алған.
Соның ішінде энергетика және машина жасау саласынан – 102 өтініш, табиғи ресурстарды, оның ішінде су ресурстарын, геологияны, қайта өңдеуді, жаңа материалдар мен технологияларды, қауіпсіз бұйымдар мен конструкцияларды ұтымды пайдалану – 313 өтініш, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер, ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар бойынша 167 жоба іріктелген.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнмдерінің қауіпсіздігі бойынша – 139 жоба, өмір және денсаулық туралы ғылым -127, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасыр білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер –155, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласында 10 өтініш түскен.