Жыл басталғалы елімізде бензин бағасы қымбаттап кетті. Бұл туралы 2019 жылдың соңында мәлім бола бастаған. Globalpetrolprices.com сайтында Қазақстандағы бензин бағасы литріне 174 теңге деп көрсетілген.
Қазіргі таңда еліміздегі бірегей «ҚазМұнайГаз» бекеттерінде АИ-92 маркасы – 154, «Газпромнефть» бекеттерінде – 152, Sinooil бекеттерінде – 150 теңгеден сатылып жатыр. Барлық бекеттерде бензин бағасы 10 теңгеге қымбаттап кеткен. 1 қаңтардан бастап акциз бағасы тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге қымбаттаған. Бензин бағасының шарықтап кетуін шенділер акциздің өсіп кетуімен түсіндіреді. Осы ретте акциз дегеніміздің де салықтың бір түрі екенін, салықтың бұл түрі адам денсаулығына зиян келтіретін мекемелер мен компанияларға салынатынын айта кетейік.
Ал жыл басында энергетика министрлігі елімізде бензин тапшылығы мүлде болмайтынын айтты. Ведомствоның хабарлауынша, қаңтар айында өндірілген бензин көлемі – 415,7 мың тонна. Ал үш мұнай өңдеу зауыты еш кедергісіз, қиындықсыз жоғары деңгейде жұмыс істеп тұр. Бензинге зәрулік жоқ бола тұра, оның бағасының шарықтап кете беруі еш қисынсыз көрінеді.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов бензин бағасының өсу себебін әлеуметтік саладағы қажеттіліктен іздейді.
«Келер жылы әлеуметтік саладаға шығындар артады. Аталған бағытқа республикалық бюджеттен 6 триллион теңге бөлу қарастырылған. Биыл бұл салаға 5,3 триллион теңге қарастырылған еді. Педагог мәртебесін көтеру туралы заң қабылданды, төрт жыл бойына ұстаздар жалақысын екі рет көтеру керек. Сондай-ақ балабақша тәрбиешілері мен колледж мұғалімдерінің де жалақысы жоғарылайды. Келер жылы бұл өсім 25 пайызды құрайды. Мұның бәрі қосымша ақшаны керек етеді. Сонымен қатар біз микро және шағын бизнес субъектілерін табыс салығынан үш жылға босату арқылы да кірістерімізді азайттық», – дейді министр.
Яғни, мемлекет бензин бағасын көтеру арқылы әлеуметтік салаға бөлетін қаржыны табуды қалап отыр. Атаулы әлеуметтік көмекті, басқа да әлеуметтік өтемақы мен жәрдемақыларды, зейнетақы мен жалақыны көбірек алғыларыңыз келсе, бензинді қымбатынан сатып алуға қарсы болмаңыздар деген логика.
Министрдің айтуынша, акциздердің өсімі үкіметтің қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ министр бензин бағасы өссе де, бұл жағдай инфляцияға әсер етпейді дейді. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегінше, жыл басынан бері инфляция деңгейі – 1,3 пайыз, ал ақпан айында 0,6 пайызды құраған.
Смайловтың айтуынша, бензиннің күрт қымбаттауына тағы бір себеп – мұнай өнімдерін Ресейге жаппай тасымалдау. Премьер-министрдің орынбасарының сөзінше, бұл қымбатшылыққа да шүкір деуіміз керек екен. Осыны айтқан шенеунік «Ресейде бензиннің орташа бағасы 260 теңгені маңайлайды, ал бізде әрі кетсе 163 теңге» дейді. GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық бұл жағдайды былай түсіндіреді.
«Халықтың төлем қабілеті тұрғысынан жанармайдың қымбаттауы жақсы құбылыс емес. Бірақ осы орайда ескеретін нәрселер бар. Энергетика министрлігі жаңа жылдың алдында бензин қымбатшылығы болатынын жариялады. Себебі оны әрі қарай ұстап отырудың мағынасы жоқ. Ондай жағдайда Қазақстанның бензиніне деген сұраныс артып кетіп, ол Ресейге өтіп кетуі мүмкін деген жорамал болды. Қазір Ресейдегі жанармай бағасы біздегіден әлдеқайда қымбат. Ал біздегі бензин жаппай Ресейге кететін болса, онда Қазақстанда бензин тапшылығы орнап, әлеуметтік қиындық туындауы ықтимал. Есте болса, осындай жағдай 3-4 жыл бұрын орын алып, жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезекке ұрындырған еді», – дейді сарапшы.
Қазір Қазақстанда үш мұнай өңдеу зауыты толық әрі тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. Былтыр қараша айында энергетика министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытының Еуропа нарығына арналған К5 классындағы Аи-92 бензинін өндіріп жатқанын мәлімдеген. Алғашқы партияда 1 827 тонна бензин экспортталмақ. Жалпы, былтыр жыл соңында шет мемлекеттерге 35 мыңнан астам мұнай өнімі тасымалданған. Яғни, қазір өзімізде өндірілген бензин отандық нарықты түгел қамтамасыз етеді. Бензин көп болған соң сыртқа тасимыз. Былтыр жаз кезінде елімізде 650 мың тоннаға жуық бензин профициті пайда болған. Соның әсерінен бе, араға 2-3 жыл салып бензин ұдайы қымбаттап келеді. Қазір Қазақстан өз бензинін Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдеріне экспорттайды.
Жалпы, эксперттер бензиннің қымбаттауы басқа да өнімдерге, мәселен азық-түлік қымбатшылығына да әкеп соқтырады деген ойды айтып жүр. Мақсат Халық та бұл пікірмен келіседі.
«Жанармай бағасының қымбаттауы экономикаға жақсы қырынан да әсер етуі мүмкін. Бұл «Теслаға», электронды көліктерге деген сұранысты арттырады. Бірақ ол да айтарлықтай мөлшерде емес. Негізінен бензиннің қымбатшылығы қоғамға теріс әсер ететіні рас. Бұл бірінші кезекте нан бағасына әсер етеді. Өйткені егіс даласындағы жұмыс процесі негізінен бензин тұтынатын комбайндар арқылы атқарылады. Дайын өнімді тасып, қалаға, тиісті орындарға жеткізуде де транспорт рөлі орасан» — дейді экономист.
Еске сала кетейік, 2015 және 2016 жылдары бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік бақылау алынып тасталған. Осылайша, жанар-жағармай материалдарының бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсыныс нәтижесінде реттеледі.