Алдағы бес жылда ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35 пайызға жетеді – Руслан Дәленов
Алдағы бес жылда шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35 пайызға жетуі тиіс. Бұл дамыған елдердің көрсеткішімен тең, деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жұма күнгі парламенттік тыңдауда.
«2019 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 31,7%-ті құрады. 2015 жылы бұл көрсеткіш 24,9%. Шағын және орта бизнестің өсуі ел экономикасындағы оң өзгерістердің көрсеткіші болып табылады. Біздің міндетіміз – ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға қарай 35%-ке дейін, ал 2050 жылға қарай 50%-ке дейін жеткізу. Бұл дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді», — деді Дәленов.
Оның айтуынша, бизнеспен айналысатындар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде ол 3,5 млн адамды құрайды.
«Нұр-Сұлтан мен Алматы қазақстандық шағын және орта бизнес құрылымында жетекші орын алады. Оларға ЖІӨ-нің жалпы көлемінің үштен бірі, сондай-ақ ШОБ-та жұмыс істейтіндердің жалпы санының үштен бірі келеді. Айта кету керек, Қазақстандағы бизнес бөлінісінің өңірлік сәйкессіздігі біртіндеп түзелуде», — деді Қазақстанның Ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, Кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктеме төмендетілген.
«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты тексерулерді жүргізуге үш жылдық мораторий қолданылады. 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп, бизнес жүргізудегі тұрақтылыққа ықпал етеді», – деді Дәленов.
Ұлттық экономика министрі атап өткендей, басқа да салықтық тексерулер 1 маусымға дейін тоқтатылды.
Дегенмен, пандемия мен карантин шектеулері орта және шағын бизнеске оңай тиіп тұрған жоқ. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пандемия салдарынан 1 млн кәсіпкер зардап шегіп, 430 мың субъект қызметін тоқтатты деп мәлімдеген еді.
ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында «Атамекен» әсіпкерлер палатасының басшысы коронавирус пандемиясы бизнестің барлық саласына әсер еткенін атап өткен болатын. Әсіресе қызмет көрсету саласы (көлік, сауда, әкімшілік қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік және тамақтандыру) айтарлықтай зардап шеккен. Айталық, 9 айда қызмет көрсету саласы 6,1%-ға қысқарған. Соның нәтижесінде ЖІӨ 2,8 пайызға төмендеген.