2021 жыл мәдениет саласы үшін қаншалықты табысты болды?

Жарияланды
Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды

Көпшіліктің назарына жиі ілігетін, жиі сыналатын бір сала болса, ол – мәдениет. Ақтоты Райымқұлова тізгінін ұстайтын ведомство биыл аз шаруа тындырмаған сыңайлы. Мәселен, 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланып, осы салаға тереңірек көңіл бөлінді. 

«NurOtan сайлауалды тұғырнамасы аясында 2025 жылға дейін еліміздің кітапхана қорын жыл сайын, оның ішінде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін мемлекеттік тілде 10%-ға ұлғайту көзделген. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Дарынды балаларды жан-жақты қолдау қажет» деп тағы да атап өтті. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар жоспарын ұсыну тапсырылды. Шығармашыл жастарды қолдау жоспарының жобасы аясында жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға ықпал ететін мәдениеттің түрлі бағыттары мен жанрларын дамытуға бағытталған республикалық, облыстық және халықаралық деңгейдегі 80-ге жуық іс-шара алдын ала жоспарланған. 2021 жылдың соңына дейін республика бойынша 89 мәдениет объектісінің құрылысы, ал мәдениет объектілерін жөндеу шеңберінде 267 мәдениет нысанын жөндеу жұмыстары аяқталады, жоспарлы көрсеткіш 26,5%-ға немесе 56 объектіге асыра орындалды» дейді министр.

Тарихи-мәдени мұра объектілерінің инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, биыл «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы бітіп, «Ұлытау» музей-қорығының визит-орталығының аумағы толық абаттандырылды. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының тарихи аумағын абаттандыру да аяқталуға жақын. 

«2021 жылы «Сарайшық», «Гаухар ана» және «Ордабасы» визит-орталықтарының құрылысы басталды, «Сауран» визит-орталығының құрылысы бастау сатысында, сондай-ақ «Бозоқ» қалашығының ортағасырлық сәулет стиліндегі қоршауының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, Бішкек қаласында Абай Құнанбаев ескерткішін салуға жобалық сметалық құжат әзірленді. «Есік» визит-орталығының құрылысына жобалық сметалық құжат  бойынша мемлекеттік сараптама жүргізілді. 2021 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орындау бойынша бағалау нормативтері алғаш рет бекітілді. Оның арқасында ғылыми-реставрациялау жұмыстарының ерекшелігін ескере отырып, бағалау енгізілді. 2021 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерінде 5 бағыт бойынша 45 тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүзеге асырылды» дейді ведомство басшысы. 

Биыл түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан ресми түрде Түркі әлемінің рухани астанасы болып танылған еді. Қазіргі кезде Түркістанның тарихи орталығында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жалғасуда. Жалпы, Түркістан қалашығын қалпына келтіру, консервациялау және реставрациялау жұмыстарымен 88,7 га аумақтағы тарихи ескерткіштер қамтылған. Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру бойынша жан-жақты зерттеулер жүргізілуде. 

«Биыл карантин шараларына қарамастан «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары шеңберінде ескерткіштерде 60 археологиялық жұмыс жүргізілді, бұл жоспарланған көрсеткіштен 50%-ға артық. Сонымен қатар, 29 тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді. 13 ғылыми археологиялық және қолданбалы зерттеулер іске асырылды, олардың сапасының деңгейі Ұлттық ғылыми кеңеспен оң бағаланды. Қазіргі уақытта Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен бірлесіп Қазақстанның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын ілгерілету бойынша номинациялық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазақстан аумағына Сауран, ЖетіАсар, Жанкент, Сығанақ, Отырар, Күлтөбе-Яссы объектілері кіреді» деді ведомство басшысы. 

Сондай-ақ ол елімізде «Е-Архив» ақпараттық жүйесінің енгізілгенін, оған қазір 1500-ден астам ұйым қосылып үлгергенін де жеткізді. Аталған жүйе мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметінің негізгі процестерін автоматтандыру, сондай-ақ архив ісі саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мақсатында енгізіліп отыр. 

Министрдің айтуынша, бұл шара цифрлық жеткізгіштердегі құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, электрондық картотеканы құруға, қағаз түпнұсқалардың өмірін ұзартуға, Ұлттық архив қорының құжаттарын жедел іздестіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік архивтер жұмысының тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді. 

Министр айтқан тағы бір жаңалық – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылуы. 

«ХХ ғасырдың саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыз үшін қасіретті кезең болды. Зұлмат жылдарда Қазақстанға Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. Қазіргі таңда Орталық мемлекеттік архивте сақталған құжаттардың заңды иелерінің қатысуымен (Прокуратура, Әділет министрлігі сияқты) саяси қуғын-сүргінге байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілуде» деді министр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз