Қаладағы жағдай билік бақылауына алынды – Алматы әкімі

Жарияланды
Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарына үндеу жариялады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада қалыптасқан жағдайға байланысты тұрғындарға үндеу жариялады. Тыныштықты бұзуға сырттан да, іштен де әсер етіп жатыр деп мәлімдеген қала басшысы арандатушылар мен экстремистер ұсталып, бүлік салушылар анықталып жатқанын айтып өтті. 

«Алматының тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтау мақсатында құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдауда. Қазір қаладағы жағдай билік бақылауына алынды. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып, бүлік салушылар анықталып жатыр» деді әкім. 

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында Алматы қаласында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.  Алматы қаласында 23:00-7:00 аралығында комендант сағаты енгізілді. Қала коменданты болып ПД басшысы Қанат Таймерденов тағайындалды. 

«Әкімдік қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланы қалыпта ұстау мақсатында жұмыс істеуде. Біздің ортақ мақсатымыз – қаламызда тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, бейбіт халықты қауіп-қатерден аман сақтау. Сондықтан бәріңізді арандатушылық пен заңсыздық әрекеттерді қолдамауға шақырамын» деді Сағынтаев.  
 

Сондай-ақ оқыңыз