«Қазахстан халқына» қоғамдық қоры құрылады

Жарияланды
Қор жеке және мемлекеттік көзден, меценаттар мен қайырымдылық қор есебінен қаржыландырылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды тапсырды. Президенттің айтуынша, қор жеке және мемлекеттік көзден, меценат және қайырымдылық қорлары есебінен қаржыландырылады.

«Тұңғыш президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық стандарттар бойынша бай адамдар тобы пайда болды. Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін уақыт келді деп санаймын» деді Тоқаев

Президент «Қазақстан халқына» қорын қаржыландыратын тұрақты демеушілерін табуды тапсырды

«Бұл президент немесе үкіметтің қоры болмайды, бұл – халық қоры, қазақстандықтардың қоры. Ол әкімшілік немесе Үкімет жанында жұмыс істемейді. Беделді бақылаушы кеңес құрылады. Адал, жауапты басшы тағайындалады» деді Тоқаев.

Ол қор жұмысының толық ашық әрі қоғам бақылауында болатынын айтты. Қордың жоспары, бюджеті және жобалары сайтта жарияланады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көзден жүзеге асырылады.

Халықаралық қайырымдылық ұйымдарды тарту да жоспарланған. Бұл қорға лотерея қызметі операторының, анықтамаларды есепке алу орталығының және басқа монополистердің міндетті аударымдары жіберіледі.

Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек көрсетіледі. 

Президент көптеген бала үшін емінің шығыны өте ауыр тиетінін де айтып өтті.

Сондай-ақ қор қаражаты есебінен қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт объектілері салынады.

«Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматыны қалпына келтіруге көмектесеміз. Осы қордың қаражатынан қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларын қолдаймыз. Бұл жекелеген мысалдар ғана», – деді Қазақстан басшысы.

Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдері тарапынан айтарлықтай және тұрақты аударым болатынына сенім білдірді.

«Үкімет компаниялар тобын анықтап, олармен Қорға жыл сайынғы жарналардың мөлшерін келісуі керек. Бұдан басқа, іс жүзінде қомақты қаражатқа ие болып, көлеңкеде қалып отырған тұлғалардың белсенді қатысуын күтемін», – деді Тоқаев мәжіліс отырысында.

Мемлекет басшысы қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділеттілік сезімін нығайта алатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз