«Омикрон» Еуропаны шарпыды. Вирустың жаңа штамына қарсы тұруға Қазақстан дайын ба?

Жарияланды
Министр үш түрлі сценарийді таныстырды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, алдағы 2 айда Еуропа мен Орталық Азияның 50 пайыз халқы «Омикрон» штамын жұқтыруы ықтимал. 2022 жылдың алғашқы аптасының өзінде бұл өңірлерде 7 миллионнан астам COVID-19 жұқтыру дерегі тіркелген. Ал соңғы екі аптада бұл көрсеткіш екі есе өскен. Қазірдің өзінде Еуропа мен Орталық Азиядағы 53 елдің 50-і «омикрон» штамының тіркелгенін мәлімдеді. 

«Омикрон» Қазақстанға да жетті. Жаңа премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында халықты ревакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал нашарлап кеткен. 

«Қызыл аймаққа» өткен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау облысында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары «сары аймақта» орналасқан. Бүгінгі таңда 9,4 млн астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 8,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алды. 670 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті. 

«Біздің негізгі міндетіміз – эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстау. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы бойынша шараларды күшейту қажет» деді үкімет басшысы. 

Ол үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалардың жұмысын жандандырып, оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет екенін, сонымен қатар дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті. 

Ажар Ғинаяттың сөзінше, Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 41 пайызға артты. 

«Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап отыр. Соңғы тәулікте ПТР-тесттің оң нәтижесімен 4 810 жағдай және ПТР-тесттің теріс нәтижесімен 79 жағдай тіркеліп отыр. 1 қаңтардан бастап репродуктивті сан 2,4 есе өсті»  деді Ажар Ғиният. 

Соңғы 2 аптада коронавирус инфекциясы ауруы 12 өңірде 2,8 есе өсіпті. Бұл ретте соңғы аптада ауру Нұр-Сұлтан қаласында 9,9 есе, Шымкент қаласында 3,7 есе, Алматы қаласында 2 есе өсті. Министрдің айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы коронавирустың «Омикрон» түрінің анықталуына тікелей байланысты. Генетикалық зерттеулердің нәтижесі бойынша қаңтардың басында «Омикрон» Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды. «Омикронның» ерекшеліктері – ауру жылдам жұғады (таралу коэффициенті 1:5 тең), қайта жұқтыру қаупі жоғары. «Омикрон» жоғарғы тыныс алу жолдарында «Дельтаға» қарағанда 70 есе жылдам көбейеді. Ауру жағдайлары 2-3 күнде екі есе өседі, бұл аурудың жылдам көбеюіне әкеледі. Бұл ретте, алдын ала аралық зерттеулер ревакцинация аурудың ауыр түрлерінен, ауруханаға жатқызудан және өлімнен 75 пайызға дейін қорғайтынын көрсетеді. 

Сонымен қатар республикада соңғы аптада вакциналау қарқыны бірнеше есе төмендеді және қаңтар айының он күнінде егілген адамдардың саны желтоқсанмен салыстырғанда 0,2 пайызға артқан. 

«Бүгінгі күні бірінші компонентпен 9,4 млн астам адам егілді, вакцина алуға тиісті халықтың 79,2 пайызы қамтылды, екінші компонентпен 8,7 млн астам адам егілді, тиісті халықтың 75,1 пайызы қамтылды. Жалпы халық арасында бірінші компонентпен – 49,3 пайыз, екінші компонентпен – 45,8 пайыз егілді. Омикронның анықталуына байланысты қосымша шаралар енгізіліп, іске асырылуда» деді министр.  

Сондай-ақ, Ажар Ғиният халықты вакцинациялау және ревакцинациялау деңгейін арттыру керек екенін айтты. Халықтың осал тобын қорғау үшін ревакцинациялауға арналған вакциналар саны көбейтілген. Тек балалар мен жүкті әйелдер емес, 60 жастан асқан адамдарға ревакциналау үшін Comirnaty («Pfizer») вакцинасы ұсынылады. Бұдан басқа, КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты, қызыл аймақтағы өңірлерде ұжымдарды тарату және инфекцияның таралуын азайту бойынша қосымша профилактика шаралары ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына шығарылады.

Министрлік коронавирустың «Омикрон» түрінің анықталғанын ескере отырып, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады: 

Оптимистік сценарий кезінде: ревакцинациямен 100 пайызға дейін қамтылғанда, профилактика шараларын жаппай сақтағанда тәулігіне 17,5 мың жағдайға дейін тіркеледі. 

Реалистік сценарийге сәйкес ревакцинациямен 70 пайыздан аз қамтылғанда, профилактика шараларын ішінара сақтағанда тәулігіне 25,5 мың жағдайға дейін тіркеледі.  

Пессимистік сценарий кезінде – ревакцинациямен 40 пайыздан аз қамтылғанда, профилактика шараларын сақтамағанда тәулігіне 40 мыңға дейін жағдай тіркеледі.  

«Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға халық көп жиналатын орындарға бармауға, ұжымдық іс-шараларды өткізбеуге және оларға қатыспауға кеңес береді. Туыстарға бармау, үйде қонақ шақырмау керек. Қоғамдық орындарда, көшеде маска тағу режимін сақтаған жөн. Вакцина алмаған азаматтарды алғашқы вакциналау курсын алуға шақырамын, ал 6 ай бұрын вакцина алған адамдарды ревакцинация жасауға шақырамын. Жақындарымыздың, әріптестеріміздің, достарымыз бен таныстарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін негізгі профилактика шараларын сақтауымыз керек» деді денсаулық сақтау министрі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз