QazVac-қа 40 ел қызығып отыр. Локдаун болмайды. Министрлік қандай жаңалықтарды жария етті?

Жарияланды
Елде «омикрон» өршіп жатыр

Соңғы күндері Қазақстанның барлық өңірлерінде эпидемиялық ахуал күрт нашарлады. Бұған бірден бір себеп – елімізде «омикрон» штаммының таралуы. Бұл желтоқсан айында жасалған зерттеулердің қорытындысы бойынша дәлелденді. 

«Жалпы, әлем бойынша ауру санының кезекті рет күрт артқанына өздеріңіз де куә болып отырсыздар.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Еуропада соңғы екі аптада  ауру саны өсті. Оның ішінде халықтың 50% «омикронмен» ауырып жатыр. Ең алдымен, сырқаттанушылықтың өсуі халықтың белсенді ішкі және сыртқы көші-қонынан, ұзақ мерекелік күндерден туындады, сондай-ақ елдегі толқулар да маңызды рөл атқарды» деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов. 

Оның айтуынша, «омикронды» қарапайым тұмау ретінде қабылдауға болмайды. 

«Бұл штаммды қарапайым тұмау деп қабылдауға болмайды. «Омикрон» штаммының ерекшелігі – оның аса жұқпалы болуында және оны қайта жұқтыру қаупі жоғары. Таралу коэффициенті – 1:5.  Ол «Дельта» нұсқасынан 70 есе жылдам таралады. Соңғы тәулікте ғана 9 700 жағдай тіркелді. Тәулік ішіндегі мұндай сырқаттанушылық көрсеткіші бүкіл пандемия кезеңінде болмаған. Желтоқсан айының соңында стационарларда 3 мыңнан аз адам емделсе, бүгінде олардың саны 7 мыңнан асты. Емханалар деңгейінде ем алып жатқан пациенттер саны да 4,8 есе артты. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша стационарларда емделушілер саны 200 адамнан 1000-ға дейін, яғни 5 есе өсті» деп атап өтті спикер.

Соңғы айда сырқаттанушылық 20 есе артқан. Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел қызыл аймақта орналасқан. Сырқаттанушылық деңгейі бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау облысы көш бастап тұр. 

Эпидемиологиялық жағдай денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктемені арттырды. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия қосымша шектеу шараларын қабылдады. Бұл шетелден келгендердің барлығында вакцинация мәртебесіне қарамастан, теріс ПТР тестінің міндетті түрде болуы. «Ashyq» бағдарламасы бойынша «жасыл» мәртебесі болған жағдайда ғана қызметіне рұқсат етілген объектілер тізбесі кеңейтілді.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқушыларды, студенттерді оқытуға сараланған тәсіл қолданылады. Халық көп жиналатын объектілер үшін қосымша шектеулер енгізілді.   

«Бұл мәжбүрлі шаралар, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығын қорғауға бағытталған. Тек мемлекеттік органдардың және қоғамның өзара жауапкершілігі ғана қауіпті вирустың таралу тізбегін тоқтата алады. Бүгінгі таңда жалғыз дұрыс шешім — вакциналау және санитарлық нормаларды қатаң сақтау. Соңғы уақытта біз маска тағуды, антисептик қолдануды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды тоқтаттық. Оны мойындау керек. Көптеген азаматтарымыз оқшаулану талаптары туралы ұмытып, өзіне, отбасына, айналасындағыларға қауіп төндіреді. Бұқаралық іс-шараларды өткізуден және оларға қатысудан аулақ болу керек» деді Тоғжанов.    

Кешенді вакциналаудан өткен соң ғана біз өлім-жітімнің алдын аламыз дейді Тоғжанов. Бұл үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Вакциналар қоры бар: шамамен 5 млн доза, оның ішінде 2,8 млн доза вакциналауға және 2,2 млн доза ревакциналауға арналған. 

«Сонымен қатар, халықтың осал топтарын қорғау үшін ревакциналауға арналған вакциналарды таңдау мүмкіндігі кеңейтілді. 60 жастан асқан адамдарға қосымша Комирнати («Пфайзер») вакцинасы ұсынылады. Адамдардың осы тобын вакцинациялау басталды. Сондай-ақ, еліміздің өңірлері 23,8 млн-нан астам вакцина дозасымен қамтамасыз етілген. Бүгін вакциналаудан өтіп, ертең аурудың жеңіл ағымын қамтамасыз етесіздер! Ревакциналаудың тиімділігі вакциналаудың әсерінен асып түсетіні дәлелденген. Ал ревакциналау 70%-ға дейін аурудың ауыр түрлерінен қорғайды, ауруханаға жатқызудың және өлімнің алдын алады» деді спикер.

Сондай-ақ үкімет басшысының орынбасары Pfizer вакцинасы туралы да ақпарат берді. 

«Pfizer қол жетімді, біз бұл вакцинаның 4 миллионнан астам дозасын сатып алдық. Бүгінгі таңда онымен егіле алатын адамдардың нақты санаты бар – бұл 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүкті әйелдер және бала емізіп жүрген әйелдер. Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын ескере отырып, бұған қоса 60 жастан асқан адамдарды вакциналауға мүмкіндік берілді. Бұл еліміздің 1 млн-нан астам тұрғыны. Дегенмен, вакциналардың басқа да түрлері барын ұмытпауымыз керек. Бұл «Синофарм», отандық QazVac. Қолжетімділік бойынша мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Сонымен қатар, Pfizer-дің 1 млн дозасына тағы да тапсырыс береміз» деді Тоғжанов.

Сонымен қатар QazVac вакцинасының да жақын арада тіркеуден өтетінін, оған әлемнің 40 шақты елі қызығып отырғанын айтты. 

«Қазіргі кезде вакцинаны 40 шақты ел сұрап жатыр. Бұл оның жоғары деңгейінің көрсеткіші деп қабылдауға болады. Ал ДДСҰ-ның вакцинаны тіркеу бойынша нақты талаптары бар, оны үшінші ұлттық регуляторға сәйкес келтіруіміз керек. Бүгінгі таңда әлемдік мамандар мен ғалымдар оның деңгейінің жоғары екендігін мойындады. Үшінші деңгейге жеткеннен кейін QazVac-тың тіркеуден өтетініне ешқандай күмәнім жоқ» деді Тоғжанов.

Сонымен қатар, үкімет басшысының орынбасары 25 мемлекетпен өзара вакцина паспортын мойындау туралы шешімдер қабылданып, отандық вакцинамен басқа елдерге бару мүмкіндігі беріліп отырғанын айтты. Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят денсаулық сақтау жүйесіне жүктеме жоғары болған жағдайда ТЖ режимі мен қайта локдаун енгізу жайында айтып берді.

Оның сөзінше, ел ауқымында локдаун енгізу қарастырылып отырған жоқ.  
 

Сондай-ақ оқыңыз