«Самұрық-Қазына» шығыны көп тиімсіз құрылымға айналған
Бүгін ірі бизнес өкілдерімен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі реформалау керек деді.
Президент қордың бүгінде тиімсіз, шығыны көп құрылымға айналғанын айтып өтті.
«Сатып алу жүйесі тиімсіз, еңбек жанжалы көп, ауқымды жобалар аяқсыз қалып, қор жұмысына қыруар қаржы кетіп жатыр. Бұның бәрі қоғам наразылығын туғызады. Әлі күнге мұнай-химия зауытын сала алмай келеміз. Кеңес заманында салынған зауыттарды жамап-жасқап отырмыз. Ал көршілес Өзбекстан 2-3 зауыт салып үлгерген» деді Қ.Тоқаев.
Президент «Самұрық-Қазына» басшысы А.Сатқалиевке тілкелей тапсырма бергенін айтты.
«Қорды түбегейлі реформалау міндетін қоямын. Бұл туралы мен Сатқалиевпен сөйлестім. Реформалау тапсырмасын орындай алмаса, өзі де, онымен бірге қор да келмеске кетеді» деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына ерекше назар аудару керек деді.
«Мәселелер тез арада шешілуі тиіс. Бір ай беремін және соңғы рет. Одан кейін қатаң шешім шығарамыз. Мен үшін «Платон менің досым, бірақ шындық қымбат» формуласы маңызды екеніне көздеріңізді жеткіздім деген үміттемін. Бұл барлық мәселеге қатысты. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сын сағатта қиын шешім қабылдадым, алдағы уақытта да осы бетімнен таймаймын» деп түйіндеді президент.