Digital detox: телефонға телміруді тоқтату тәсілдері

Жарияланды (жаңартылды )
Смартфоннан да демалып тұрған жөн


«Телефонды құшақтап ұйықтайды», «әжетханаға да телефонмен кіреді», «мұның телефонмен кіндігі байланып қалған» деген сөздер таныс па? Расында, смартфон күніміздің біраз бөлігін бірге өткеретін «досымызға» айналды. Алыс-алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын құралдың пайдасы ұшан-теңіз десек те, кейде «жауымыз» боп шыға келгенін байқамай қалуымыз мүмкін. Өйткені телефонға шамадан тыс үңілу денсаулыққа зиян тигізіп қана қоймай, жақындармен араны да алшақтатуы бек мүмкін. Сондықтан арагідік демалыс жариялап, диджитал детокс жасап тұрған жөн. Ол не, оны қалай істейді десеңіз, бүгінгі материалымыз сіз үшін.

Смартфоныңыз бар болса, оның ішіндегі көп функияның бірі — қанша уақыт телефонға үңіліп отырғаныңызды есептеп беретіні. Орта есеппен бір тәуліктегі 24 сағаттың 3-4 сағатын алатын болса керек. Бұл дегеніміз күніміздің 6/1 бөлігі осылай кетіп жатыр дегенді білдіреді. Бұл мән әркімде әртүрлі. Қызық болса, қарап көріңіз. Неғұрлым ұзақ отырғаныңызды білсеңіз, соғұрлым уақыттың қадірін түсінуіңіз де мүмкін.

  1. Бүгінде көпшілігі онлайн өмір, фриланстағы жұмысқа әбден үйреніп алған. Сондықтан да болар, смартфонға сарп еткен уақытына өкінбеуі ғажап емес. Сондағы айтатыны — «жұмысым сондай». Ал енді жұмыс істемей, жай уақыт өлтіретіндер не дейді? Ешқандай тығыз шаруасы болмаса да, Instagram лентасы мен сторилерді бір қарап шықпаса, тынши алмайтындар бар. Бұл — қалыпты жағдай емес. Егер осындай әдет сізде де болса, мұның «смартфонға тәуелділік» екенін біліңіз. Оны міндетті түрде «емдеу» қажет. Себебі технологияларды өміріңізге шектен тыс кіргізген сайын, өз-өзіңізді бақылай алмайтын халге түсе бересіз. Жоғарыда атап өткен digital detox ол үшін қажет. Детокс сөзі көбіне асқазан жұмысын қалыпқа келтіретін әдіс деп біледі. Яғни ағзадағы токсиндерді табиғи және жасанды жолмен кетіру. Диджитал детокс та соған ұқсайды. Телефонға тәуелділіктен құтылу үшін төменде бірнеше әдістер дайындап қойдық. Бірі болмаса бірі кәдеңізге жарауға тиіс
  2. Бір айлық «тазалық» жұмысы. Бұл тәсілді орындау аса қиын емес. Бар болғаны отыз күн бойы смартфонды қолданатын уақытты шектеп, қадағалап отырасыз. Егер бейсаналы түрде қолыңызға телефон ала беретін болсаңыз, ол уақытта басқаша пайдаланудың жолын іздеңіз. Ұнайтын бір іс тауып, сонымен айналысыңыз. «Цифрлық минимализм» кітабының авторы, компьютерлік ғылымдар профессоры Кэл Ньюпорт бірінші кезекте Instagram және Facebook сынды әлеуметтік желілердің мобайл қолданбасын өшіріп тастаған дұрыс дейді. Егер телефонызға аппликейшн болмаса, браузер арқылы кіріп, болмаса оны қайта жүктеп жүруге ерінетін боласыз.
  3. Қолданбаларды пайдалануды уақытпен шектеу. Егер алдыңғы тәсіл сіз үшін тым ауыр болса, онда мынаны көріңіз. Цифрлық диетаның жоспары ретінде Instagram-ға — күніне 30 минут, Facebook-ке — 30 минут дегендей белгілеп қойыңыз. Сонда уақытыңыз бекер кетпейді. Мысалы iPhone-да «Экран уақыты» деген баптау бар. Сол жерде қалаған аппликейшнге лимит қоя аласыз. Сонда бағдарлама автомат түрде сізге шектеу туралы еске салып тұрады. Яғни лимит аяқталуына бес минут қалғанда бұл туралы ескерту келеді. Шектеуден асып кете алмайсыз. Себебі сол уақыт өткен соң ол қолданба ашылмай қалады. Android-тың кей нұсқаларында да осыған ұқсас функция бар. Бірақ ол үшін бөлек қолданба жазып жүру керек. Бірақ андроидағы апптың артықшылығы — шектен ассаңыз, қанша құпиясөз жазсаңыз да, ашпайды. Эпл құрылғыларында код арқылы қайта ашып, лимиттен асыра пайдалануға мүмкіндік бар. Дегенмен мұның кемшілігі сол — форс-мажор бола қалса, аша алмай қиналып қаласыз. Күйіп тұрған бір жұмыс шығып қалғанда лимитті шеше алмасаңыз, ол сізге қосымша қиындық тудырады. Сол себепті лимит қоярда мұндай сәттерді ескеру керек.
  4. «Примитив» телефон сатып алу. Смартфонға баптаулар орнатып жүрмес үшін «кірпіш» телефон ала салсаңыз болады. Сонда интернетке кіремін деп ойламайсыз.
  5. Ішкі тәртібіңізді бекітіңіз. Бұл кей адамдарға тым қиын болуы мүмкін. Себебі өзін-өзі бақылауда ұстай алмағандықтан да түрлі әдіс іздейді. Десек те, осы ішкі тәртіп бекімейінше, ойға алғанның орындалуы қиын.
  6. Ретрит. Бұл деген бүкіл шаруаны ысырып қойып, демалыс жариялау десек болады. Арнайы детокс-ретрит жасау үшін бағдарламаға қатысатындар бар. Әрине, бір ғана смартфонды шектеу үшін ақша жұмсаған біртүрлі қылық секілді. Дегенмен ретритке тек смартфон қолданысын азайту үшін емес, жалпы ой жинақтау үшін қатысып көруге болады. Егер қаржылық жағдайыңыз болмаса, онда интернеті жоқ жерге кетіп қалыңыз. Қазақстанда жайлау аз емес. Сол жаққа барып таза ауада демалып, органик тамақ жеп, атқа мініп, саумал ішіп қайтқан да детокстың бір түрі десек артық болмас.
    Қазір ақпараттың көп болғаны сонша, бізде фильтрлеу қабілеті азайып барады. Сондықтан соңғы кездері шетелде туризмнің жаңа түрі — digital-детокс шығып жатыр. Бұл туралы жоғарыда айттық. Шетелде қалай өтетініне қысқаша тоқталайық. Мұндай бағдарламалар коттедж немесе шатырлы лагерьлерде арнайы демалыс ұйымдастыруға бағытталады. Ол жерде мүлдем байланыс болмайды. Есесіне өзіңізбен пікірлес жаңа адамдар табасыз. Жаңа таныстық сізге жағымды әсер етеді. Индивидуал жаттығу жасайсыз, таза ауада уақыт өткізесіз. Топпен спорттық не шығармашылық тапсырмалар орындайсыз. Болмаса, кітап оқисыз. Мұның бәрі күнделікті күйбеңнен шаршаған адамға қажет-ақ.

Телефон қолданысын шектеуге кеңестер

  • Денсаулығыңызға, отбасыңыз бен достарыңызбен қарым-қатынасқа кері әсер беретін платформалар мен қолданбаларды пайдаланбау.
  • Аратұра виртуал диета ұстаған жөн;
  • Интернетте бекер уақыт шығындап жатқаныңызды байқаған бойда смартфонды ысырып қойыңыз. Мысалы әлеуметтік желіде біреудің өмірін қараумен өтіп жатқан уақыт, поштаға хат келмесе де қайта бір қарап шығу, зат сатып алмайтын болсаңыз да онлайн-дүкендерді қарай беру және т.с.с;
  • Үстел ойындарын ойнау. Қазіргі таңда мұның неше түрі бар. Телефонға үңіліп отырғаннан достармен ойын ойнаған әлдеқайда жақсы. Мысалы «Дженга», «Имаджинариум», «Активити» немесе Alias.
  • Бассейнге жазылу. Егер құлшыныс та, қаражат та болса, бассейн өте жақсы әсер етеді. Жалпы физикалық белсенділіктің қай түрі болсын жағымды әсер береді. Неге жүзуді бөліп қарастырып отырмыз десеңіз, жүгіргенде не жай жүргенде сізде телефон қалтада, құлаққап тағып ән тыңдап жүруіңіз мүмкін. Ал сіздің мақсатыңыз — детокс. Су бар жерге телефонды бірге алмайсыз. Әрі кетсе киім ауыстыратын жердегі шкафта қалдырып кетесіз. Болмаса, жағасындағы орындыққа қойып қоясыз.
  • Шығармашылықпен айналысу. Би немесе әнге жазылыңыз. Сонда көңіл-күйіңзіге де жағымды әсер етеді. Әрі «телефон қараумен кеткен есіл уақытым» деп өкінбейсіз.
  • Үйдегілермен не үй жануарларымен уақыт өткізу, ойнау. Көбіне телефонға телміріп үйренген адам айналасындағыларға мән бермей кетеді. Соның салдарынан қарым-қатынас бұзылады. Уақытты бос кетірмеудің бір жолы — бірлесіп ойнау. Балаларыңызбен, жұбайыңызбен бірге ойнаңыз. Үйде жануар болса, оның да зерігетінін ұмытпаңыз.
  • Ауылға барып қайту. Өте жақсы көмектесетін әдістердің бірі. Күнделікті күйбеңді ысырып қойып, шаруа істеп, ауылда жүргенге не жетсін?! Сиырдың соңынан жүгіріп, қой қамасып, мал сойысып жүру арқылы эмоционал күйіңізді реттеуге болады. Әсіресе, қаладағы кептеліс, бітпейтін шаруадан шаршағандарға қажет.
Сондай-ақ оқыңыз