Таратылған 3 банктің салымшыларын іздеп жатыр

Опубликовано
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры оларға 57 млрд теңге өтемақы төлеген

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан өтемақы алмаған «Эксимбанк Қазақстанның» салымшылары 5-қарашаға дейін «Қазпошта» бөлімшелерінде өтініш бере алады. Ал Qazaq Banki мен Астана банкінің салымшылары өз қалаларындағы агент банкке келіп, өтемақыларын алуына болады. Бұл туралы ҚДКБҚ баспасөз-қызметі хабарлайды. 

Қор осы күнге дейін «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ және «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ салымшылары алдындағы міндеттемелердің бастапқы сомасының 99 пайызын өтеген. Салымшыларға, жалпы көлемі 57 млрд теңге қаржы төленді. Алайда, агент банктер әлі де 220 мың адамды күтіп отыр. Оларға  міндеттемелердің  1%-ы тиесілі, әзірге салымшылар бұл ақшаны алуға асығар емес.

Депозиттерге кепілдік беру қоры есеп-шоттағы ақша мардымсыз болғандықтан, оны агент банктер арқылы алғысы келетін салымшылардың қатары сирек екенін бұған дейін де хабарлаған. Мәселен, «Астана Банкінің» әрбір екінші салымшысының есепшотындағы қаржы 500 теңгеден аз болса, «Qazaq Banki» АҚ және «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ-ның әрбір үшінші салымшысының есепшотында осындай сома болған. 

ҚДКБҚ төрағасы Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, қазан айының басынан Еуразиялық банкке Астана банкі салымшыларынан орта есеппен күніне 42 өтініш түссе, Банк ВТБ (Қазақстан) Qazaq Banki салымшыларының 2 өтінішін қабылдаған. Астана банкі салымшыларына өтелетін депозиттің орташа сомасы 8 мың теңгені, Qazaq Banki-де 36 мың теңгені құрайды. 

«Сондықтан біз маусым-шілде айларында агент банктермен келісім мерзімін ұзарттық және салымшыларға барынша қолайлы және ыңғайлы жағдай жасау үшін олармен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Өйткені бұл тек банк инфрақұрылымы, филиалдық желі мен сервис негізінде ғана іске асырылатын шаруа», – деді қор басшысы. 

Таратылған 3 банкте барлығы 1,5 мың адамның депозитінде кепілдік берілген ең жоғары сомадан артық қаржы жатқан. Қор оларға ең жоғары кепілдік сомасын төлейді. «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ және «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ тарату комиссиялары кепілдік берілген сомадан тыс ақша төлеу міндеттемесін мойындаған.

Читайте также