Бейжің–2022. Қысқы Олимпиада ойындарына қанша қаржы жұмсалды?

Жарияланды
Ресми жарияланған бюджет бірнеше есе өсуі мүмкін

Қытай астанасында ХХIV қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Бұл – тарихтағы ең қымбат қысқы ойындардың бірі. 

Олимпиада – 2022 ұйымдастыру комитеті  ресми  жариялаған бюджет – $3,9 млрд.  Мұндай шығын кез келген мемлекеттің, тіпті Қытай сынды қуатты мемлекеттің экономикасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Айта кетейік, Бейжің 2015 жылдың 31 шілдесінде ХОК атқару комитеті мүшелерінің небәрі 4 дауысын (44 > 40) артық жинап, XXIV қысқы ойындарын өткізу құқығын Алматыдан жеңіп алған.

Әрине, 4 миллиард доллар – алдын ала есептелген, нақты шығын емес екенін ескерген жөн. Олимпиада шығыны бұдан бірнеше есе өсуі мүмкін екеніне бұған дейінгі ойындар дәлел. Дегенмен, Бейжіңде өтіп жатқан  Олимпиада қазірдің өзінде  әлем тарихындағы ең қымбатқа түскен  қысқы ойындар үштігіне кіріп тұр. 

Алғаш 1 млрд доллардан аса қаржы жұмсалған ақ олимпиада 1994 жылы Лиллехаммерде өткен. Норвегия билігі бұл қысқы ойынды өткізуге бастапқыда 590 млн доллар жұмсауды жоспарлағанымен, іс жүзінде шығын  2,23 миллиард доллардан асқан. Яғни шығын 4 есе өскен. 

Шығынның бұлай артуына спортшылар санының көбеюі ғана емес, сол жылы қысқы олимпиадаға қатысуға ықылас танытқан елдер қатарының өсуі себеп болды. Өйткені өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары – егемендік шеруі кезеңі, әлем саяси картасында жиырмаға жуық жаңа мемлекет пайда болды.  Осыған байланысты көптеген елдер (соның арасында Қазақстан да бар) алғаш рет дербес команда ретінде қатысты. Нәтижесінде Норвегияда өткен жарыстарда әлемнің 67 елінен 1923 спортшы кездесті. Ал оған дейінгі қысқы ойындарға осыншама спортшы қатысқан емес. 

1998 жылы Наганода өткен Олимпиада ойындарына ұйымдастырушылар $10,5 млрд жұмсаған. Ал ресми түрде шығын $2 млрд болады деп жоспарланған еді, алайда бұл –  тек жарыстар мен спорттық нысандардың құрылысына жұмсалған сома.

Дегемен, ақшаның басым  бөлігі (шамамен 7 миллиард доллар) жолаушыларды Токиодан  ойын өтетін жерге бір жарым сағат ішінде жеткізу үшін экспресс жолаушы тасымалын ұйымдастыруға жұмсалды. Бұл экспресс пойыздар жолға кететін уақытты екі есе қысқартты. Сонымен қатар, ойын ұйымдастырушылары тамашалауға келген көптеген туристер жеткізу жылдамдығын ескере отырып, еш қызық жоқ Наганода емес, Токиода қалатынын ескермеді.  Нәтижесінде ұйымдастыру комитеті сұраныстың болмауына байланысты қала қонақ үйлерінде резервтелген  4000 бөлмеден бас тартуға мәжбүр болды.

XXI ғасырда 5 қысқы олимпиада өтті және олардың  арасында қабылдаушы тарап салық төлеушілеріне $2 млрд-тан кем салмақ салғаны болмады. 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде  қысқы ойындар өткізуге жұмсалған шығын $2,25 млрд құрады. 2006 жылы Туринде  ОО ұйымдастыруға – $4,36 млрд, 2010 жылы  Ванкуверде $2,54 млрд жұмсалды.

Алайда осы ақ Олимпиадалардың арасында ерекше атап өтетін ойын – Сочи–2014. Бастапқыда жоспарланған 12 миллиард доллар бюджетті 22 миллиард долларға дейін, ал бейресми мәлімет бойынша 51 миллиард долларға дейін өсіруге тура келген. Расында осындай қаржы жұмсалса, Сочи-2014 – тек қысқы ойындар ғана емес, жазғы олимпиада ойындары арасында ең шығыны молы. 

Ал ресми мәліметтерге келер болсақ, 2008 Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ең қымбат ойын – оған 44 миллиард доллар жұмсалған. Ал жоспарланған сома бұдан екі есе аз еді. Осы жайттарды ескере отырып, Бейжің-2022 ойындарының бюджеті біреше рет өзгеріп, өсуі мүмкін. 
 

Сондай-ақ оқыңыз