Бір жылда бюджет тапшылығы тағы 1 трлн теңгеге өскен
Әлемдік нарықта мұнай қымбаттап, қазынаға түсетін салықтың артуына қарамастан, Қазақстан бюджетінің тапшылығы былтыр 1 трлн теңгеге жетті. Қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы елдің шоғырландырылған бюджетіне жасаған шолуында осындай тұжырым жасайды.
Қаржыгерлердің айтуынша, энергия ресурстары нарығындағы бағаның қалпына келуі мен елдегі экономикалық белсенділік артуы арқасында 2021 жылы шоғырландырылған бюджетке түсетін салық айтарлықтай өскен.
2021 жылы елде 13,3 трлн салық жиналған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 34%-ға немесе 3,4 трлн теңгеге артық. Балық түсімдерінің барынша өскені республикалық бюджеттен байқалады (КТС, шикі мұнайға салынатын ЭКБ, импортқа қойылатын ҚҚС – бәріне қатысты жоспар асыра орындалған). Әсіресе Ұлттық корға түскен қаржы көлемі артқан.
Алайда, сарапшылар шоғырландырылған бюджеттің жиынтық кірісі іс жүзінде 2020 жыл деңгейінде қалғанын айтады. Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс (78%-ға немесе 2,8 трлн) пен салықтық емес түсімдерді қысқарту есебінен 15,0 трлн (+1%) теңгені құраған. Ал инвестициялық табыс 2020 жылы ұлттық валюта бағамының әлсіреуіне байланысты валюталық активтерді қайта бағалау нәтижесінде өскен.
Осылайша, 2021 жылы салық төлемдеріне қатысты жылдық жоспар 11 пайыз артығымен орындалды. Өйткені нақты мұнай бағасы бюджет қалыптастырғанда пайдаланылған болжамды деңгейден жоғары болды (орта сеппен 60 долар болады деп алынған, ал нарықтағы баға барреліне 70 доллардан асты).
Шоғырландырылған бюджет шығыны 2021 жылы 9 пайыз –1,6 трлн теңгеге өсіп, 19,9 трлн теңгеге жеткен. Яғни бюджет шығыны кірісінен 33 пайыз артық болып тұр. Қазақстан бюджетінің кірісі былтыр 15,0 трлн теңге болса, шығыны одан 4,9 трлн теңгеге артық.
Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік секторға (білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету) жұмсалады. Дәл осы салаларға былтыр 10 трлн теңге жұмсалған.
Ал енді осы бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 3,9 трлн теңге қарыз алынған. Ал Ұлттық қордан бюджетке бір жыл ішінде 4,5 трлн теңге тартылған.
Еліміздің 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2022 жылы мұнай бағасы болжамды 60 доллар болса, бюджет шығысы (₸18,6 трлн) кірісінен (₸16,1 трлн) 15 пайыз асатын болады. Ал егер қазіргідей 90 доллардан саудаланатын болса, Қазақстанның шоғырландырылған бюджеті соңғы төрт жылда алғаш рет профицитпен қалыптасуы мүмкін.
«2021 жылғы бюджет шығыны 2020 жылғы деңгейде қалған кіріс бөлігінен әлдеқайда көп болғандықтан, бюджет тапшылығы тағы да 992,7 млрд теңгеге өсті. Бюджеттің кіріс бөлігі мұнай бағасы динамикасына тәуелді болып қала береді. Бұл ретте КБ-ның 2021 жылғы кірісі өзгерген жоқ. Мұнайдан түскен ақшаны Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістің төмендеуі «жеп қойды» десек болар, Шоғылдандырылған бюджет шығысы экономиканың әлеуметтік секторларын қаржыландырудың артуы есебінен ұлғайды және ішінара мемлекеттік өзара іс-қимылмен және бюджеттік қалдықтарды пайдаланумен өтелді» дейді ҚҚҚ талаудау орталығының сарапшылары.
Мемлекет басшысының қорғаныс және Ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалау, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі соңғы тапсырмаларын ескере отырып, 2022 жылы бюджет шығыны артуы мүмкін. Оған қоса сыртқы нарықта да белгісіздік саталып отыр. Мұнай бағасы қалай құбылары белгісіз, әлем елдерінің орталық банктері ақша-несие саясатын қатаңдатып, геосаяси шиеленіс сақталып тұр дейді мамандар.