«Қаңтар оқиғасына» қатысқандарға күш көрсетуге қатысты әр дерек мұқият тексеріледі – ҚР СІМ

Жарияланды
Human Rights Watch ұйымы адам құқығының сақталуына қатысты сауал жолдаған

Human Rights Watch халықаралық ұйымы ҚР СІМ-ге Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдарының шектен тыс күш қолданғаны туралы сауал жолдаған. Сонымен қатар, HRW қамауға алынғандарға қатысты басқа да заңдар бұзылып жатқан жайлы мәлімдеген.  Ал СІМ заңсыз ұсталған, қамауға алынған азаматтарға қатыгездік көрсету туралы кез келген мәлімет мұқият қарастырылады деп жауап берген. 

«Тергеу органдары келіп түсіп жатқан барлық заң бұзушылық фактілерін тексеруде. Азаматтардың қажетті ақпаратты кедергісіз және жедел алуы, оның ішінде полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағым жолдауы мақсатында «шұғыл желі» ашылған.  ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша, бүгінгі күні азаматтардың тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістеріне және құқықтарын бұзуға қатысты шағымдары бойынша құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 98 қылмыстық іс тергелуде» делінген ведомство таратқан мәліметте. 

ҚР Бас Прокуратурасы және басқа да тергеу органдары қазақстандық және халықаралық қоғамдастық көтерген әрбір жеке істі жан-жақты қарастыруға дайын екенін де жеткізген. Азаптау болдырмау ұлттық алдын алу тетігі де құрылыпты,

«ҰАТ өңірлік топтары Қазақстанның 16 өңіріндегі 83 жабық мекемеге 97 тәуелсіз мониторинг жүргізді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына азаматтардан құқықтарының бұзылуы жөнінде 48 өтініш түсіп, қарастырылуда. Сонымен қатар, өңірлік топтардың ұсынысы бойынша қамауға алынған және тұтқындалған азаматтарға адвокаттар мен азаматтық дәрігерлердің кіруі қамтамасыз етілді» дейді СІМ. 
 

Сондай-ақ оқыңыз