Мәжілістің жаңа төрағасы депутаттарға не деді?

Жарияланды
Қошанов халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызына тоқталып өтті

1 ақпанда қызметке сайланған мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында сөз сөйледі. Қошанов халықтың пікірін білу үшін әлеуметтік маңызы бар заң жобалары өңірлерде талқыланатынын айтып өтті. 

Оның айтуынша, депутаттар азаматтық сектор, БАҚ және өңір халқымен байланысты жандандырады. «Байланысты жандардырады» ауызбен айтқанымен, пленарлық отырыстарға БАҚ өкілдері әзірге тек онлайн қатыса алады. Ал 1 ақпанда өткен пленарлық отырыс тіпті трансляцияланбады.

«Әлеуметтік маңызы бар заң жобаларын өңірлерде, залық арасында талқылау маңызды. Мұндай заң жобалары халықтың тұрмысын жақсарту тұрғысынан қаралуы тиіс» деді Қошанов. 

Спикер сондай-ақ, халықпен кездесу форматын қайта қарауымыз керек шығар деді. Оның айтуынша, жұртпен қарым-қатынас, олардың мүддесін қорғау – депутаттар жұмысының негізі болуы тиіс. 

Қошанов депутаттар мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құру бағытындағы бастамаларын жан-жақты ойластырылған, сапалы заң-зәкүнмен қолдауы қажет деді. 

«Халық сайлаған депутаттар, ең алдымен, өз сайлаушыларына жақын болуы қажет. Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғышарты. Сондықтан алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, БАҚ өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан әрі жандандыратын боламыз. Бұл президент бекіткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нәтижелі жүзеге асырудың басты ұстанымы» деді мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік,1 ақпан күні Мәжілістің жоспардан тыс отырысында депутаттар бірауыздан Ерлан Қошановты Парламент төменгі палатасының төрағасы етіп сайлады. Бұл лауазымға ол Нұрлан Нығматулиннің орнына келді.
 

Сондай-ақ оқыңыз