Уақыт — ақша. Бір сағаттық жұмысыңыздың құны қанша?
Уақыттың құнын білу керек деп жиі айтамыз. Тура мағынасында бір сағатыңыздың құны қанша теңге екенін білесіз бе? Әлдебір іске бөлген уақытыңыз шығынын ақтай ма? Егер бір сағаттық жұмысыңыздың бағасын бұрын-соңды есептеп көрмеген болсаңыз, сізге қызық тәсілді ұсынамыз.
Джеймс Клирдің ұсынған тәсілі арқылы сіз де бір сағатыңызды бағалап, өміріңізді реттей аласыз. Себебі табысы мол жұмысқа уақыт бөлетіндер сәйкесінше көп ақша табады. Басқаларға уақытын көп бөлетіндер жақсы қарым-қатынас құрады. Жұмыс уақытын өзі икемдейтін адамдар еркін өмір сүреді. Қиын жобалардың басы-қасында жүретіндердің қоғамға көбірек пайдасы тиеді. Ендеше, бай, еркін, беделді болғыңыз келсе, уақытыңызды қалай жұмсайтыныңызға мән беріңіз.
Бір сағаттың құны қанша?
Негізі әр адам өз уақытының құнын іштей шамалайды. Яғни белгілі бір сомадан төмен болмауы керек дегендей есептейді. Айталық, сағаты 100 теңге десе, келіспеуіңіз мүмкін. Ал енді бір сағатына 10 мың теңге десе, келісуіңіз әбден мүмкін. Өйткені мұнда шегі айқын байқалып тұр. Яғни 100 теңге өте арзан болса, 10 мың теңге өте жақсы. Бірақ осылардың ортасындағы сома берілетін болса, «уақытымды бөлуге тұра ма, жоқ па?» деп ойланып қаласыз. Мысалы, жол жүретін болдыңыз. Ұшақ бағасы тікелей рейске 30 мың теңге болса, 2 сағат басқа қалада тоқтайтыны 18 мың теңге тұрады делік. Мұндайда не істейсіз? 2 сағат әуежайда отыра тұрасыз ба, әлде сол уақытты үнемдеп 12 мың теңге артығырақ төлейсіз бе? Болмаса, 2000 теңгеге көлік жудырасыз ба, әлде 600 теңгеге өзіңіз жуатын жерге барасыз ба? Көпшілігі қандай да бір шешім шығарарда уақытыңың құнын есептеместен бір байламға келеді. Айтқандай, шамамен есептегендей болуы мүмкін. Бірақ дұрысы — нақты бағаны білген.
Қалай есептеуге болады?
Сізге қазір есептеу тәсілін назарыңызға ұсынамыз. Мұнда сіздің нақты табатын табысыңыздың сомасына қарай есептеледі. Соңында белгілі бір сома шығады. Міне, сол — сіздің бір сағатыңыздың құны. Анықталған соң қаржылай шешімдерді шығару жеңілдей түседі. Сөйтіп екі ортада ұзақ ойланып жүрместен жеткізу қызметін қолдану не өзіңіз барып келу деген нұсқалардың бірін оп-оңай таңдайсыз.
Ол үшін алдымен ақша табуға жұмсайтын уақытыңызды анықтап алыңыз. Бір тәуліктің неше сағатын арнайсыз? Одан соң, сол уақыт ішінще сізге түсетін табыс қанша? Ал енді осы екі факторды қалай өлшеуге болады? Бірінші ақша табуға жұмсайтын уақытыңызға келейік.
Қанша уақытыңыз табыс табуға кетеді?
Есіңізде болсын, табыс табуға жұмсайтын уақытыңыз деген жұмыста өткізген 8 сағат емес. Себебі сіз сонша уақыт кеңседе отырғаныңызбен таңертең 9-да жұмыста болу үшін үйден 8-де шығатыңыз, қайтарда 6-да шығып, үйде 7-де болатыныңыз да жалпы уақыттың ішіне кіреді. Демек, сіздің табыс табуға жұмсаған уақытыңыз 8 сағат емес, әрі-бері жүріс-тұрысты қосқанда 10 сағат деген сөз. Әлбетте, минут-минутымен есептеу өте қиын. Тіпті көпшілігі бір іске кіріскенде оған қанша уақыт шығындағанын біле бермейді. Егер кеңседегі жұмысқа бөлетін уақытты нақты білмесеңіз, мамандардың есептеуіне жүгініп шамамен жылына 2500 сағат деп алсаңыз болады. Бұл қайдан шыққан өлшем? Айталық, бір күнде 10 сағатыңыз жұмысқа кетеді. Бір аптадағы бес жұмыс күнін алсақ, аптасына 50 сағат. Егер жылына 50 апта жұмыс істейтін болсаңыз, бр жылда 2500 сағат. Бұл жерде еңбек демалысы екі апта деп есептелген.
Уақытты өлшеудің келесі бір түрі компьютер алдында көп отыратындарға қолайлы. Ол үшін компьютеріңізге RescueTime атты қолданбаны орнатып алыңыз. Ол құрылғыны қосқаннан бастап жұмысқа қанша уақыт бөлгеніңізді есептейді. Осылайша өзіңіз туралы деректер жинап, қорытынды шығаруға болады. Қолданбада уеб-сайтты ашып оқығаныңыз, қандай бағдарламаны қосқаныңыз, әлеуметтік желілерді ақтарғаныңыз — бәрі есептеледі.
Қанша ақша табатыңызды қалай есептейсіз?
Уақытын анықтап болсаңыз, енді сол уақытта қанша табыс табатыныңызды білуіңіз керек. Әрине, бұл оңайлау. Себебі уақытты есептеп алсаңыз, соны сағатқа бөле саласыз. Табыс пен шығындарды есептейтін Bench Accounting атты сервис бар. Мұның бір жақсысы сіздің іскерлік есепшотттарыңыздан автомат түрде мәліметтер жинап, қаржылық есеп әзірлеп береді. Бұл көбіне кәсіпкерлерге қолайлы. Сонымен бірге фрилансерлерге де қолдануға болады. Мысал үшін есептеп көрелік. Жылына 2500 сағатты ақша табуға жұмсайсыз. Егер бір жылда 10 млн теңге тапқан болсаңыз, бір сағатыңыздың құны 4 мың теңге деген сөз. Нақты соманы анықтаған кезде құныңыз өзіңіз ойлағаннан төмен секілді болып көрінуі мүмкін. Дегенмен сағатыңыздың бағасын білген өте дұрыс. Өйткені ендігіде қандай да бір жұмысқа кіріспес бұрын осы сомадан аз бағаға келіспейтін боласыз.
Айталық, сағатыңыз құны 4000 теңге екенін белсеңіз, 2000 теңгелік жеңілдік үшін 2 сағат кезекте тұрмауыңыз керек. Сол сияқты бір сағатта 15 мың табатын болсаңыз, 1500 теңгеге жеткізу қызметін қолданып, бір сағатыңызды дүкен аралауға жұмсамайсыз. Болмаса, сағатыңыздың құны 30 мың теңге болса, тікелей рейске билет алып, қанша жерден арзанға шығып тұрса да екі сағатты күтуге жұмсамайтын боласыз.
Ескертпелер
• Өзіңіз қаламайтын жұмысқа уақытыңызды шығындамаңыз. Көңіл қаламай тұрса да, мол табыс үшін өзіңізді олай қинамағаныңыз дұрыс. Себебі ақшаның құлы болам деп жүріп, құндылықтарды жоғалтып алуыңыз мүмкін. Әрине, сағатыңыздың құнын көтеруге еңбектенген дұрыс. Ол үшін өзіңіз үшін не маңызды, не құны соны нақтылап алу қажет.
• Сағатыныңыздың нақты бағасын біліп алған соң, ақшаның соңына түсіп кетуіңіз де мүмкін. Болмаса, тағы бір сағат жұмыс істей тұрайын деп шаршауыңыз ғажап емес. Егер екіойлы болып тұрсаңыз, күніңіздің әр сағатын шолып шығайық. Сонда осы сағаттар ішінде не бітіре аласыз, соны көріңіз. Жасасам ба, жоқ па деп тұрған жұмысыңыз шынымен керек пе? Айталық, түнде тыныштықта істеймін деп шештіңіз делік. Бұл уақытта сіз тиімді жұмыс істей аласыз ба? Әлде көбірек қате жіберіп қоясыз ба? Мұнда бәрі адамға байланысты. Өйткені кей адамдар түнде мүлдем өнімсіз болады, қалғып отырып не істеп, не қойғанын түсінбейді. енді бір адамдар керісінше, өнімдірек жұмыс істейді.
• Сонымен бірге маңызы мен сізге сыйлайтын эмоцияны да ескеріңіз. Белгілі бір жұмысты істеген соң соны 1-10 аралығында бағалаңыз. Бұл да әсер етеді.